Қазақстанның тарихында алғаш рет қазақ әдеби тілінің 15 томдық сөздігі шығарылғалы отыр

«Тіл саласына қатысты мәселелерден хабардар адамдар біледі, 10 томдық қазақ тілінің түсіндірме сөздігі осыдан 30 жыл бұрын шыққан. Ал 15 томдық қазақ тілінің әдеби сөздігінде 150 мың сөз қамтылған. 150 мың сөзі бар әлемде қандай тіл бар екендігін білетін адам бар ма?. Пушкиннің заманындағы академиялық сөздікте 46 мың сөз болған. Яғни термин мәселесінде ілгерілеу бар. Бірақ ол мәселенің барлығы бір күнде шешілмейді. Біз болашақта сол терминологиялық сөздіктің негізінде алға жылжитын боламыз»,-деді М.Құл-Мұхаммед.

Сондай-ақ Министр Мәжіліс депутаты Бақыт Сыздықованың мемлекеттік сатып алулар конкурсына қатысуға қажетті құжаттарды қазақ тілінде толтыруға қатысты сауалына жауап бере келе: «Конкурстық құжаттар қазақ тілінде де, орыс тілінде де келіп түсуі керек. Мемлекеттік органға өтініш жасап отырып, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін ақшадан дәметіп отырып, мемлекеттік тілдің қажеті жоқ, басқалары қажет дегенді қалай түсінуге болады»,-деп атап көрсетті.

Осы ретте министр терминологияға байланысты әңгіме 20-шы жылдардан бері қозғалып келе жатқандығын атап өтіп: «Оған көп назар аударудың қажеті жоқ. Бүгінде баспасөз беттерінен «мөлтек аудан» деген сөздің, «ықшам аудан» деген сияқты 40-қа жуық баламасы табуға болады. Оған қарап қазақ тілінде 40 түрлі проблема бар деген ұғым тумауы тиіс. Бізде терминологиялық сөздік бар»,-деді М.Құл-Мұхаммед.