Қазақстанның төрт боксшысы Лондонда өтетін Олимпиада ойындарына жолдаманы жеңіп алды

Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ 1/8 финалын жеңіспен аяқтаған Василий Левит пен Иван Дычко әлем чемпионатының келесі айналымына өтті. Енді олар Олимпиада ойындарына берілетін лицензиялар үшін шаршы алаңға шығады. Өкінішке орай Данияр Елеусінов үшін кешегі ойын күні сәтсіз болды.

Әділбек Ниязымбетов чемпионаттағы өзінің үшінші жекпе-жегін колумбиялық спортшы Джейссон Варелл Монройға қарсы өткізіп, бірінші раундта 5:2 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші раунда жерлесіміз небәрі 40 секунд ішінде қарсыласын тізе бүктірді. Жартылай финалға шығу үшін енді Әділбек ертең қытайлық боксшы, өткен жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері Мен Фанлонгпен қолғап түйістіреді.

Екінші лицензияның иегері Данабек Сужанов АҚШ-тан келген 22 жасар қарсыласы Джесси Хартты 17:15 есебімен ұтты.

Моңғолияның былғары қолғап шебері Явхлан Бариадқа қарсы шыққан отандасымыз Ғани Жайлауов 19:15 есебімен үшінші лицензияны иеленді.

Ал Қазақстан құрамасының капитаны Серік Сәпиевпен шаршы алаңға шыққан Жапония өкілі Ясухиро Сузуки біздің боксшымыздаен 25.12 есебімен жеңіліп қалды.

Ширек финалға шығатын жұптардың құрамы

Күндізгі бағдарлама (жарыстар Астана уақытымен 16.00-де басталады)

75 кг - Данабек Сужанов - Эскуива Фальсао (Бразилия)

81 кг - Әділбек Ниязымбетов - Менг Фанлонг (Қытай)

91 кг - Василий Левит - Ксуан Ксуан Хван (Қытай)

Кешкі бағдарлама (Астана уақытымен 20.00-де басталады)

60 кг - Ғани Жайлауов - Джай Бхагван (Үндістан)

69 кг - Серік Сәпиев - Эррол Спенс (США)

+91 кг - Иван Дычко - Филипп Хргович (Хорватия).