Қазақстанның тұңғыш әйел- телеоператоры Нәрзия Омарова 70 жылдық мерейтойын атап өтуде

Салтанатты той Оңтүстік Қазақстан облыстық филармониясының залында өтеді.

Нәрзия Иманқызы 1940 жылы Қырғызстанда дүниеге келген. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1972 жылдан бері - Журналистер одағының мүшесі.

Нәрзия апай өзінің шығармашылық жолын 30-дан астам жыл бұрын Қазақ мемлекеттік телеарнасында бастаған, Оңтүстік Қазақстан тілшілер қосынында тілші болған. Барлық телекәсіптерді игерген, тұңғыш әйел-телеоператор атанған.

Нәрзия Омарова мыңдаған репортаж бен очерктер дайындаған, күйеуі Владимир Лимен бірге 20 шақты деректі фильм түсірген. Олардың қатарында «Қызылқұм шағалалары», «Шымкент ырғақтары», «Сенің орнын сапта», «Алғашқы бесжылдықтың жемісі», «Қонаев - оңтүстікте» және т.б. фильмдер бар. Ол кісі түсірген жұмыстар әр жылдары КСРО Орталық теледидарының, Қазақстан телекорпорациясының, Қазақ ұлттық телеарнасының мақтау қағаздарымен, облыстық мәслихат пен басқа да билік құрылымдарының құрмет қағаздарымен атап өтілген.

Қазіргі таңда зейнеткер Нәрзия апай қоғамдық өмірге белсенді атсалысып келеді.