Қазақстанның Түркиядағы елшісі қызмет мерзімі аяқталуға байланысты республика басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді

Түркия Республикасының президенті Ахмет Неждет Сезер қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінде Түркияның Орталық Азия Республикаларымен етене жақын қарым-қатынас орнатуы қажеттігін алға тарта отырып, бұл аймақта Қазақстан шешуші ел екенін атап өтті.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси беделін жоғары бағалаған А.Сезер Қазақстан жетекшісінің 2003-жылғы мамырдағы Түркияға жасаған ресми сапары екі жақты ынтымақтастықты дамытуда жаңаша кезеңге жол ашқанын атап көрсетті.
Түркияның Ұлттық Ұлы жиынының төрағасы Бюлент Арынч өз тарапынан Қазақстанның экономикалық және демократиялық реформаларды белсенді жүзеге асырып жатқанын атай отырып, экономикалық жаңартуларды одан әрі тереңдетуде бауырлас Қазақстаннан қолдау-көмегін аямайтынын жеткізді. Парламент жетекшісі ел аясындағы барлық негізгі реформаларға бастамашы болып отырған Қазақстан Елбасының саясатына жоғары баға берді. Ол сондай-ақ, екі жақты парламентаралық байланыстарды нығайту - Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға түрткі болады дегенге сенім білдірді.
Түркия үкімет басшысы Тайип Эрдоган да Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы стратегиялық маңызын жоғары бағалай отырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды жан-жақты дамыту қажеттігін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол Қазақстанның Баку-Тбилиси-Жейхан жобасына бірігуінің айрықша өзектілігін атап өтті.