Қазақстанның үкімет басшысы лауазымына Кәрім Мәсімовтың кандидатурасы ұсынылды

Кәрім Мәсімов 1965-жылы Целиноградта (қазіргі Астана) туған. Пекин тілдер институтын бітірді. 1991-жылы Ухань университетінің заңгерлік институтын, ал 1995-жылы Қазақ мемлекеттік басқару институтын бітірді. Экономика ғылымдарының докторы. 1999-жылдың тамызында Нью-Йорктегі Колумбия бизнес мектебінің жоғары буын басқарушылары бағдарламасын тәмамдады. Орыс, ағылшын, қытай және араб тілдерін біледі.

Лауазымдық өсу баспалдақтарын ол 1991-жылы еңбек министрлігінен бастады. 1992-жылдың шілде айы мен 1995-жылдың сәуір айлары аралығында шетелдердегі бірқатар сауда ұйымдарының жұмысын басқарды. 1995-жылдың сәуірі мен 1997-жылдың тамыз айлары аралығында Алматы сауда-қаржы банкінің директорлары кеңесінің төрағасы, ал 1997-жылдың қыркүйек айынан 2000-жылдың тамыз айына дейін Қазақстан Халық банкінің директорлары кеңесінің төрағасы болды.

2001-жылдың қараша айы мен 2003-жылдың маусым айлары аралығында К.Мәсімов республика үкімет басшысының орынбасары, 2001-жылдың тамызы мен қарашасы аралығында көлік және коммуникация министрі лауазымын атқарды.

2003-жылдың маусымы мен 2006-жылдың қаңтары аралығында Қазақстан президентінің көмекшісі болды. 2006-жылдың қаңтар айында К.Мәсімов вице-премьер болып тағайындалды. Ал 2006 жылдың сәуірі мен қазан айлары аралығында экономика және бюджетті жоспарлау министрлігін қоса басқарды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті