Қазақстанның үш қаласында «Хиросима және Нагасаки туралы естелік» атты көрме өтеді

"Біз үшін Қазақстан Республикасында осы көрмені өткізу үлкен мәртебе. Өйткені сіздердің елдеріңіз жапон халқының басынан өткен осы бір нәубетті өте жақсы түсінеді. Өйткені Кеңес Одағы кезінде Семей полигонында да атомдық сынақтар өткізілгені белгілі. Бұл біздің халықтарымыздың ортақ тағдыры. Мұны ұмытуға болмайды", - деп атап өтті ол.

Чита мырзаның айтуынша, 2005 жылдан бастап Нагасаки ұлттық бейбітшілік мемориалдық кешені жыл сайын әр елде осындай көрме ұйымдастырып келеді. Алғашқы екі көрме АҚШ-та ұйымдастырылған болатын. Сол сияқты Ресейде, Испанияда және басқа да елдерде өтті. Қазақстан - бұл көрмені қабылдап отырған оныншы ел.

Айта кетейік, көрме Қазақстанның 3 қаласында (Астана, Алматы, Семей) өтеді деп жоспарланған. Астанада 6-25 тамыз аралығында, Семей қаласында 29 тамыз - 3 қыркүйек аралығында, ал Алматы қаласында 10-30 қыркүйек аралығында өтеді. Көрмеге 1945 жылы 6 және 9 тамызда атом бомбасы тасталған Хиросима мен Нагасаки қалаларының фотосуреттері, сол сұрапыл апатты көзімен көрген куәгерлердің естеліктері, түрлі бейнежазбалар және басқа да жәдігерлер қойылған. Көрмені ұйымдастыруға ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Жапонияның Қазақстандағы елшілігі, сондай-ақ Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ жанындағы Қазақ-Жапон орталығы қолдау көрсеткен.

Айта кетейік, 1945 жылы 6 және 9 тамызда Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған екі атом бомбасы қас қағым сәтте 200 000 бейбіт тұрғынның өмірін қиған болатын.