Үндеуге бастамашы болғандардың арасында «Қаламгер азамат» жас тілшілер қоғамдық қоры, «Тәуелсіз ел жастары» қоғамдық қоры, ҚР еңбек сіңірген қайцраткері Мәдина Сәдуақасова, «Марсел Петролеум» компаниясының вице-президенті Марат Нәлібаев, «Жігіттер» тобының әншісі, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Айдар Байжанов, "Myprofession.kz" сайтының редакторы Асқар Беков, Халықаралық конкурстардың лауреаты, әнші Сиви Махмуди және басқалары бар.
«Ортақ Отанымыз - Қазақстанның дамуына ел жастары да ерекше мүдделі. Жастар саясатына мемлекеттің ерекше көзқарасының арқасында жас отбасыларды жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету алдыңғы орынға қойылып келеді. Осы орайда, қазір елімізде өз бастауын алып отырған президенттік сайлауды мерзімінен брын 2015 жылы өткізу жайында көтеріп отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысын қолдаймыз. Әлемдік сахнада болып жатқан әртүрлі құбылыстарды ескере отырып, саяси һәм экономикалық жағдаяттарды саралай келе бұл ұсыныстың дұрыс екендігіне көзіміз жетіп отыр. Осындай алмағайып кезеңде елді тығырықтан алып шығатын мықты биліктің болуы барша қазақстандықтар үшін маңызды», - делінген үндеуде.
Еліміз егемендігін алып, еңсесін тіктегелі бері ұшан-теңіз атқарылған жемісті жетістіктердің басында қашанда рухы өр, сарабдал саясаткер - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың есімі тұрғанын мақтанышпен атап өте отырып, шығармашылық салалардың басын қосқан жастар қауымдастықтары мен шығармашыл қауым президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу ұсынысын қолдауға барша Қазақстан жастарын шақырды.