Қазақстанның журналистік ұйымдары мәдениет министрлігінің сөз бостандығын жоюға жасап отырған талпыныстарына алаңдаушылық танытуда - мәлімдеме

Мәлімдеме авторларының айтуынша, осы жылы мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынысымен "отандық журналистер тарапынан ғана емес, әлемдік қоғамдастық тарапынан да әділ сынға ие болған" "БАҚ туралы" заңға өзгерістер енгізілді. Журналистік ұйым өкілдерінің пікірінше, бұл өзгерістердің қабылдануы "Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық ету мәселесін қарастыруды кейінге шегеруге" себеп болды.

Мәдениет министрлігі осымен шектелмей, тағы бір жаңа заң жобасын әзірледі, онысымен "бізді , тәуелсіз БАҚ-тар ризографтар мен принтерлерде басылып, шетелде жарыққа шыққан немесе мүлдем жойылып отырған өткен кезеңге қайта итермелемек", делінген мәлімдемеде.

Мәселе "Баспа қызметі туралы" заң жобасында. Осы құжатқа сәйкес, Қазақстанда баспаханаларды лицензиялау тәртібі енгізілмек. "Бұл шын мәнісінде полиграфиялық мекемелердің мемлекеттік басқару құрылымдарына тәуелді етеді, Конституцияда және Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактіде айтылған ақпаратты алу және тарату бостандығына шектеу қояды",-дейді журналистер қоғамдастығы.

"Бұл ұсыныс осы жылдың жаз маусымында мәдениет министрлігі ұсынған заң жобасында көрсетілген,-дейді журналистер. - Оны мәжіліс депутаттары лицензиялайтын қызмет түрін көбейтпей, керісінше кеміту керек деген негізде алып тастаған. Халық қалаулылары жекеменшік кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай жасау қажеттігін айтқан болатын". "Министрлік енді депутаттар ұмытып қалады-ау дегенге сенген болуы керек, аталған жаңашылдықтарын тағы да тықпалауда" .

Осыған байланысты журналистер парламент депутаттарын "Баспа қызметі туралы" заң жобаға қатысты объективтілік және табандылық танытуға" шақырды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті