Жылу электр станциясын аралау барысында Н.Назарбаев "2005-жылы Қазақстанда 1,5 млрд. долларға 84 өнеркәсіп нысаны салынатынын" атап өтті.
Президент бұл станцияға бас-аяғы сегіз жылда осымен үшінші мәрте келіп отыр. 2000-жылдан бері Ақсу жылу электр станциясында жалпы құны 200 млн. долларды құрайтын жеті энергоблокты жаңалау жұмыстары жүргізілуде. "Еуразиялық энергетикалық корпорациясы" АҚ-ның президенті Әбдіәзім Рүстембаевтың айтуынша, Қазақстан немесе ТМД аясындағы бірде-бір энергетикалық нысанда мұндай ауқымды жаңалау жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Станцияның энергетикалық блоктары 1968-1975-жылдар аралығында пайдалануға берілген. Станция 1996-жылы Еуразиялық энергетикалық корпорациясының құрамына енген кезде оның жабдықтары іс жүзінде өз ресурсын түгескен болатын.
2003-жылы №4 энергоблоктың реконструкциялық жұмыстары аяқталса, №3 энергоблокта 2005-жылдың науырз айынан бері жаңалау жұмыстары жүргізілуде. Реконструкциядан кейін блоктың қуаты 300 МВт-тан 325 МВт-қа дейін ұлғаяды.
Станциядағы жаңалау жұмыстары 2016-жылы толық аяқталады деп күтілуде.
"Бүгінде республика аймақтары мен Ресейде өндірістендіру жұмыстары өрбуде. Осыған байланысты электр қуатына деген сұраныс артты. Сондықтан да станцияның қуаты мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік берген реконструкциялау жұмыстары уақытын тапқан шара болды",- деді Ә.Рүстембаев.
Тағы бір жүзеге асырылып жатқан жоба - Ақсу жылу электр станциясынан "Қазақстан электролиз зауыты" АҚ-ына дейінгі ұзындығы 54 шақырым, 500 кВ-тық электр жалғастыру желісін тарту болмақ. Жалпы құны 2,5 млрд. теңгеге бағаланған жұмыстар 2007-жылы аяқталады. Электролиз зауытының бірінші кезегінің жұмысын қамтамасыз ету үшін 360 МВт электр қуаты қажет.
2004-жылы Ақсу электр станциясы 10,5 млрд. кВт/сағ электр қуатын өндірді. Ал 2001-жылы 8,7 млрд. кВт/сағ электр қуатын шығарған. Қазіргі таңда Ақсу электр станциясы Батыс Сибирь, Алтай және Солтүстік-шығыс Қазақстанның энергетикалық жүйелерін жалғастыратын торап ролін атқарады. Станцияның үлесіне Қазақстан көлемінде өндірілетін электр қуатының 16 проценті тиеді.
2000-жылдың қаңтары мен 2005-жылдың маусым айлары аралығында электр станциясын дамытуға жұмсалған инвестиция көлемі 9,15 млрд. теңгені құрады. Павлодар облыстық әкімшілігі баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, 2005-жылдың 7 айында станцияда 5642,5 млн. кВт/сағ электр қуаты өндірілді.