Қазақтанның ипотекалық несие нарығында күрмеулі мәселе туындады

Сапарбай Жобаев, экономист:

- Мәселе инфляция мен теңгеміздің құбылуында болып тұр. Себебі біз ипотекалық несиені теңгеде береміз. Ал теңгенің еркін айналымы құбылып тұр. Ипотекалық нарықта қалыптасқан бұл жағдай екінші деңгейлі банктерді баламалы бағдарлама ойлап табуға итермеледі. Бұл бағыттағы капиталын көршілес мемлекетке аударып, шетелдіктердің арасында сұранысына сай, кредит беруге келіскендер де бар болып шықты. Мәселен отандық қаржы нарығына белгілі Еуразиялық банк ипотекалық несиелеу бағдарламасын енді Ресейде де жүзеге асырмақ. Себебі онда сұраныс біздікінен жоғары. Ал Қазкоммерцбанк қолданыстағы ипотекалық несие бағдарламасын біраз жетілдірген. Бұл ретте олар тұрғын үй құрылысын жүргізуші мердігер мекемемен бірлесіп, өз клиенттеріне тиімді шарт ұсынбақ.

Әділ Батырбеков, банктің басқарушы директоры:

- Ипотекалық несиелеу бағдарламасының балама түрін құрылыс компаниясымен бірлесіп жасадық. Бұл ретте жалдамалы пәтерді 10 жылдан кейін жекешелендіріп алуға болады. Біздің серіктес компаниямыз Алматы қаласында бірнеше үйдің құрылысын аяқтады. Ондағы пәтерлер үшін біз жалпы құнның 30%-ын алдын ала төлетіп, қалғанын 10 жылға бөлмекпіз. Шарт аясында жылдық пайыздық мөлшерлеме 10%-дан аспайды. Ұлттық валютамыз арқылы жүзеге асырылатын бағдарлама клиенттеріміз үшін тиімді деп айта аламын. Жалпы нарықта үлескер ретінде құрылыс компанияларына қаржы құю арқылы баспана бақытын сезініп жүргендер де бар. Мәселен тұрғын үй салушы отандық BI Group кәсіпорындарының бірінде клиенттер қатары соңғы он жылдың бедерінде 10 есе ұлғайған. Дегенмен бұл бағыт бойынша баспана алу шарты қомақты қаражат талап етеді.


Арман Ахметов, құрылыс компаниясының өкілі:

- Халық өзінің ақшасын тұрмысын жақсарту үшін салады. Сенімді компания керек. Сенімді компания сапалы үй салуы қажет. Үлескерлердің сенім білдіргені бізді қанаттандырады. Айта кетейік, үкіметтік тұрғын үй кезегінде тұрғандар үшін баспана жайы жан-жақты жолға қойылған. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтар мен мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері жалға берілетін пәтерлерге қол жеткізе алады. Бұл ретте мүлікті жекешелендіру мүмкіндігі де бар. Бірақ нарықта баспана бақытын мемлекеттік тұрғын үй кезегімен емес, ипотекалық несиенің көмегімен сезінуді көздеген қарапайым қазақстандықтар үшін жайсыз жағдай туындап отыр. Бұл түйткілдің түйінін енді мемлекет немесе нарықтың өзі реттейді..