"Қазақтар қонақжай халық" деп тым артық айтылған – ресейлік саяхатшы

Туристке олардың қойған сұрақтары да ұнамапты, деп хабарлайды Caravan.kz.

«Адамдардың бәрін санмен өлшейтіні жаныма батты. Сонда Instagram парақшаңда екі адам ғана болса, сен ешкім емессің бе? Сонда қалтаңда көк тиын болмаса, сен ешкім емессің бе? Жұрт адамшылықтың не екенін ұмытқан» дейді Анна Youtube-ке салған видеосында.

Оның қасында Андрей Долгушин деген серігі бар. Жолай тоқтатқан көліктермен тегін келе жатқан бұл екеу дәмханалардан тамақ ішу үшін жұмысын істеп беруді ұсынады екен.

«Қазақстан туралы «адамдары сұмдық қонақжай, ешкім далада қалдырмайды» деген сөз тым артық айтылған» дейді тағы Анна.

Десе де, бұларға дәмді сорпа ақыры беріліпті. Сонымен қатар, сол күні жергілікті тұрғындар саяхатшыларға қымыз, тоқаш, қауын, қарбыз берген. Оның үстіне Балқашта тұратын Лазаревтар отбасы оларды үйіне шақырып, тамақ берген, қондырған. 

Солай бола тұрса, да Қазақстандағы адамдардың Аннаға неге жақпай қалғаны түсініксіз. Әрі оның Фейсбуктегі парақшасына салған суреттеріне қарасаңыз, автостоппен әлем кезіп жүргендердің біздің елдегі жағдайы қиын болмағанын байқайсыз.


Айта кетейік, қазір саяхатшылар Қытайда жүр.