Р.Жұмағұловтың айтуынша, 2003-жылдың қарашасы мен 2004-жылдың қарашасы аралығында тастарды жинауға арналған қойма-алаңға 500 мың тонна ұлутастар жеткізіліп, баржаларға 470 мың тоннасы тиелді.
"Аралдарды салу жұмыстарын тез арада аяқтап, елімізге мұнай беру жұмысын ерте бастау үшін " алдағы жылы компания 1-1,5 млн. тонна тас тасымалдауды көздеп отыр,- деді Р.Жұмағұлов.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Түпқараған шығанағының жағалау инфрақұрылымын дамыту үшін және теңіздегі мұнай операцияларын қолдау базасының бұдан да тиімді жұмыс істеуі үшін "Қазақтеңізкөлікфлоты" биылғы жылдың мамыр айынан бері "Айназар" кенішінен өз бетімен әктас пен ұлутас өндіре бастау арқылы Қашаған мұнай кенішінде жасанды аралдар тұрғызуға арнап тас жыныстарын өндіру, сорттау, тиеу және тасымалдауға бағытталған өндірістік циклді толық меңгерді.
Р.Жұмағұловтың айтуынша, биылғы жылы компания өзіне тиесілі "Айназар" карьерінен 300 мың тонна тас шығармақшы. Кейінгі жылдары өндірілетін тас жыныстарының көлемін жылына 1 млн. тоннаға дейін жеткізу межеленіп отыр. Жобалық мәліметтер бойынша карьердегі жалпы тас қоры 13 млн. тоннаны құрайды.
Бүгінде жасанды аралдар жасау үшін Аджип КСО компаниясына айына 250-300 мың тоннадан кем емес мөлшерде тас қажет. Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігін игеру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес орта есеппен тәулігіне 4-6 баржаға 9-10 мың тонна тас тиелуде.
Бүгінде тас тасымалдау жұмыстарына әрбіреуінің жүк көтерімділігі 3600 тоннаны құрайтын КМГ-101 және КМГ-102 маркалы екі баржа мен "КМТФ-1" буксирі, сондай-ақ, Аджип- Боткалис мердігерлік компаниясының 17 кемесі жұмылдырылып отыр. Бұлардың навигациялық маусымы 15-қарашада аяқталады. Келер жылы 3 буксир және 5 баржаны жұмысқа жегу көзделген.
Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігін игеру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2003-2005-жылдарда 2, 2006-2010-жылдарда 16, 2011-2015-жылдарда 38 платформалар мен жасанды аралдар тұрғызу межеленген. 2015-жылға дейін жалпы алғанда 56 платформалар мен жасанды аралдар тұрғызу көзделген. Аталған жұмыс көлемі үшін тек 2004-2009-жылдар аралығында 5,4 млн. тонна тас қажеттігі туындайды.