Баспасөз қызметінен хабарлағанындай, акцияларының 51 проценті "ҚазМұнайГаз ҰК" АҚ-ның иелігіндегі "Қазақтүрікмұнай" ЖШС 2004-жылы өнім өндіру мөлшерін 2003-жылғы 310 мың тоннадан 413 мың тоннаға жеткізбекші.
Өнім мөлшерінің артуына Ақтөбе облысында былтырғы жылдың орта шенінде Лақтыбай және Оңтүстік Қаратөбе атты жаңа екі кеніштің өнеркәсіптік пайдалануға берілуіне байланысты болмақ.
Аталмыш кеніштерді пайдалануға беру нәтижесінде "Қазақтүрікмұнай" ЖШС 2003-жылғы көрсеткіштерді біршама арттырды. Мәселен, жоспарланған 281 мың тоннаның орнына компания 310 мың тонна мұнай өндірді.
Тұтастай алғанда, ЖШС балансында бес кеніш бар, олардың бесеуінде де өнім өндірілуде. 2004-жылдың 1-қаңтарындағы жағдаймен 27 ұңғы пайдаланылуда.
"Қазақтүрікмұнай" ЖШС - Қазақстан мен Түркияның ұлттық мұнай компаниялары бірлесіп 1993-жылы құрған тұңғыш бірлескен кәсіпорын.
Қазір бірлескен кәсіпорынның иелігінде Батыс Қазақстанның екі облысындағы бірнеше кеніш бар. Олар Батыс Елемес, Солтүстік-Шығыс Сазтөбе, Оңтүстік-Шығыс Сазтөбе, Оңтүстік Қаратөбе және Лақтыбай кеніштері. Бұл кеніштерде өндірілген мұнай құрамында қарамай сынды қоспалары аз , жоғары сапалы мұнайға саналады.