Өмірді өзінше өрнектей білген көркемсөз шеберінен айырылу барша қазақ халқына ауыр қайғы, деп хабарлады Әдебиет порталы.
Қалихан Ысқақ - 1935 жылы 14 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданының Топқайың ауылында дүниеге келген. Жазушы Қалиханның шығармаларында көтерген проблемалар мен қоғамдық қомақты мәселелер бір күнде, бір жылда шешіле салмайтын, кешегі арқылы бүгінгі ұрпақты ойландыруға жетелейтін терең философиялық ойларға апаратын тағлымды туындылар.
Бүкілодақтық экранға шыққан бірнеше толықметражды фильмдердің («Ұшы-қиырсыз жол», «Саршатамыз», «Охран бастығы», «Қараша қаздар қайтқанда») сценарийін жазған. Шығармалары өзбек, қырғыз, тәжік, татар, башқұрт, шешен, орыс, украин, словак, болгар тілдерінде жарық көрген. Екі томдық таңдамалылары 1997 жылы оқырман қолына тиді.
Аударма саласында Л.Н.Толстойдың, А.П.Чеховтың, И.С.Тургеневтің, А.И.Куприннің, И.А.Буниннің шығармаларын қазақ тіліне тәржімалады. Нобель сыйлығының лауреаттары болған жеті драматургтің пьесаларын қазақшалаған.
1992 жылы «Ақсу - жер жаннаты» романы үшін жазушыға Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Ертең таңғы сағат 11:00-де ҚР Жазушылар Одағы ғимаратының алдында айтулы қаламгермен қоштасу рәсімі өтеді.
«Ал кешкі сағат 18:40-та жазушының мүрдесі туған жері Шығыс Қазақстан облысына жөнелтіледі. Бүрсүгүні Қатон-Қарағай ауданының Топқайың ауылында жерлеу рәсімі болады», - деді жазушы Дидахмет Әшімхан ҚазАқпарат тілшісіне.