"Қазақтың Джимиі деп ат қойды": Тракторист Музарттың әнін өздерінен артық орындап, елді таң қалдырды

Жақында отбасымен Алматыға қоныс аударған бұрынғы тракторшы Асылжан Омаровтан Сaravan.kz медиа-порталының тілшісі сұхбаттасқан еді.

- Отбасыңыз жайлы толық айтып өтіңізші?

- Өзім жайлы айтар болсам, 1982 жылы Қызылорда қаласы, Жаңақорған ауданы, Түгіскен ауылында дүниеге келгенмін. Отбасымызда 4 қыз, 4 ұлмыз. Негізі бәрі ән айтады. Ата-анамда әннен хабары бар адамдар жалпы.

- Ең алғаш сахнаға қашан шықтыңыз? Кім алып шықты?

- Мен 2005 жылы Алматыға құрылысшы болып жұмыс жасауға келдім. Ол кезде бойдақпын. Сол жылдары Бауыржан Ибрагимов деген ағамызбен таныстым. Содан менің өнерімді көріп, ол кісі «Бауыржан Шоу» театрына әнші етіп алды. 2008-2009 жылдары сол театрда қызмет еттім. Одан соң театр тарап кетті. Ал мен өз ауылыма қайттым. Келдім үйлендім. Сонымен әнші жігіт бір мезетте тракторист болып шықты.

- Қандайда бір мамандық иесісіз бе, не үшін тракторшы болдыңыз?

- Жоқ, ешқандай мамандық оқыған жоқпын. Жоғары білімім жоқ. Мен тіпті мектепті де дұрыс оқымағанмын. Себебі қатты бұзық болғанмын. Әкем менің полиция қызметкері болғанымды қалады. Мен болғым келмейді дегенімде, 9- сыныптан мектептен шығарып алған оқымайсың, енді мал бағасың ауылда жүресің деді. Содан білім алуға мен де құштарлық білдірмегенмін. Енді неге трактор десеңіз, үйленгеннен соң жауапкершілік деген болады. Сол мойныма түскенде адал жолмен отбасымды асырағым келді. Өзіме жеке трактор сатып алдым да бала-шағамның несібесі деп күн көрдім.

- Дауысыңыздың жағымды екенін алғаш кім айтты?

- Ауылда гитарамен ән айтып жүргенде ауылдағылардың бәрі айтатын, Сосын кез-келген жерде ән айтсам, жұп болсыншы тағы айтыңызшы деп өтініп жатады.

- Кез-келген жерде жанды дауыста ән айтасыз ба?

- Иә, барлық жерде жанды дауыста айтам деп өзіме сөз бергенмін. Маған халық Қазақтың Джиммиі деп ат қойып алған. Бірде тойда фонограммамен ән айтып тұрғанмын. Бір ағам келді де «ооо Қазақтың Джиммиіі»-деп микрофонды қолымнан алып қалған еді, арғы жақтан ән айтылып жатыр. Масқара болғанмын солай.Содан кейін ешқашан плюспен ән айтпағанмын.

- Қазір Алматыға отбасыңызбен қоныс аудардыңыз ба?

- Иә, Алматыға толығымен отбасыммен бірге қоныс аудардым. Шүкір! Өнерге қадам жасау үшін алып шаһарға қоныс аударғым келді. Менде өнерден өз жолымды тауып кететініме сенімім мол.

- Трактордың жайы не болды?

- Тракторды саттым. Ұзақ ойландым негізі. Әйелімнің қолдауымен бірге екеуіміз бір шешімге келдік. Алланың берген 2 ұл 1 қызым бар. Солардың несібесі деп жүрміз ғой.

- Тойға шығып жүрсіз ба, жалпы гонорарыңыз қанша?

- Иә, тойға шығып жүрмін. Қазіргі басты табыс көзімде той болып тұр. Күнделікті жүріс-тұрыс, тіршілік бала-шағаның қамы. Одан шамалы қысып-қысып әнге де алып қалып жатырмын қаражатты. Қазір 3 ән жаздыртып қойдым шүкір. Шығарамыз ғой амандық болса.

- Сізді қолдап жатқан продюсеріңіз бар ма?

Шынымды айтсам продюсер дегеннен түсімде шошып оянамын.Тіпті қажет етпеймін.Шымкентте жүргенде кім екенін айтпай-ақ қойсам, мені біраз - пайдаланды. Бәрін қатырам қырам, жоям, продюсерің боламын деп сан соқтырған. Қаншама тойға кіргізіп, пайдаланып ақшамды аз беріп біраз сандалтып қойған. Кейіннен бәрін біліп продюсерлерге рахмет дегенмін. Оның үстіне мен еркіндіктегі адаммын ғой. Бойдақ емеспін. Алматыға келгеннен кейін де ұсыныстар түсті бірақ бәріне рахмет айтып шығарып салғанмын.