Кейін сол бір ызғарлы оқиғаларды басынан кешірген адамдармен тілдесудің сәті түсті. Желтоқсанда қар жамылып, мұз жастанған жастардың бірі Мәлік Ұзақов өз естеліктерімен бөлісті.
«16 желтоқсан мен үшін азалы күн. Бұл күні алаңда бейбіт шеруге шыққан жүздеген қазақ боздақтарының қаны төгілген. Қазірге дейін есіме түссе, көзіме жас келеді. Қанша достарым, таныстарым құрбан болды. Мен ол кезде 23 жаста болатынмын. Әскерден келген бетім. Достарымызға зауытқа қонаққа келгенмін. Елімізді 20-25 жыл басқарған Қонаевты орнынан алып тастағанын естіп, жастар бейбіт шеруге шыққанбыз. Желтоқсанның сол бір аязды күндерінде алаңға бізді бір-ақ тілек апарды. Елбасымыз қазақ азаматы болса екен деген. Барлығымыз өз ойымызды айтқымыз келді.
Дінімізді, салтымызды білмейтін Колбинді әкеп басшы етіп қойғанына қарсы болдық. Трибунада таңғы сағат 6:30-да мықты қаруланған әскер болды. Төбелестің басы бейбіт шеруге шыққан жастарды, өрт сөндіргіш машинамен су шашып, жас қыздарымызды тепкілей бастағанда басталды. Оны көріп тұрып азаматтық рухымыз жібермеді. Қанша қыздарымыз жарақат алды. Ес-түссіз жатты. Шамамыз жеткенше қарсылық көрсеттік. Түнгі 12-лерге таман мен де ұсталдым. Үкімет үйінің қасында қардың үстінде 2 сағаттай жаттық. Қатты тепкінің астында қабырғам сынды. 2 күн бойы сұраққа алып, мойындауымды бұйырды. Мойындамадым. Бірақ, көрсетпегені қалмады. 2 күнен кейін адам танымастай болып шықтым.
Кейін соңымызға ҰҚК түсті. Жұмыстан шығарды. Одан кейін 25 жылдан кейін ақталып шықтық. Мен ойлаймын Кеңес Үкіметінің күйреуіне Желтоқсан қозғалысы үлкен ықпал етті. Әсіресе, қазақ қыздарының ерлігінің арқасында келді», - деді Мәлік Ұзақов.
Мәлік Ұзақов әңгімесін жалғастыра келе, аталған көтеріліс азаттықтың жолындағы ұлт-азаттық қозғалыс деп аталуға әбден лайықты.