Еске салсақ, 2013 жылғы тамызда Қордай ауданының Отар стансасында «Қазақжарылысөнеркәсіп» АҚ оқ-дәрілерін кәдеге жарату цехында 122 миллиметрлік дәрі заряды тұтанып, артынша жарылыс болды. Салдарынан жеті адамды түрлі ауырлық дәрежесіндегі күйік шалды, төрт адам қаза тапты. Аталмыш факті бойынша гвардия гарнизонының әскери прокуратурасы ҚР ҚК 246-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша қылмыстық іс қозғады.
Тергеу кәдеге жарату тармағында механикалық ашу модулін пайдалануға енгізу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланған, сондай-ақ жарылыс қаупі бар нысандарда қауіпсіздік техникаларын, еңбекті қорғау қағидаларының бұзылу фактілерін анықтады.
Сот іске қатысты 3 адамға жалпы режімдегі түзеу колониясында жазасын өтей отырып, оқ-дәріні кәдеге жарату саласында 3 жыл ішінде басшылық лауазымда жұмыс істеуге тыйым салумен 5 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Кәдеге жарату департаментінің бастығы Н.Т.Оракеев, кәдеге жарату тармағының бастығы В.И.Орлов, тармақтың бас инженері В.Е.Гурьянов ҚР ҚК 307-бабының 4-бөлігінде, 246-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оларға қатысты кепіл түріндегі жаза бұлтартпау шараларына алмастырылды. Айыптылар сот залында қамауға алынды.
Департаменттің бас инженері В.А.Емельянов, қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер Т.М.Қыдырәлиев, пункт ауысымының бастығы А.Н.Сазонов жарылыс қаупі бар нысандарда қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін айыпты деп танылып, 3 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Алайда ҚР ҚК 63-бабының 1-бөлігіне сәйкес оларға 2 жыл мерзім сынақ мерзімімен шартты түрде жаза кесілді. Кепіл ретіндегі бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгенге дейін сақталады.
Бұдан басқа, сот жарылыс кезінде зардап шеккен мекеме қызметкерлері туыстарының талапарыздарын ішінара қанағаттандырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ және оған жарияланған сәтінен бастап 15 күн ішінде шағымдануға болады, деп нақтылады облыстық сотта.