Қазатомөнеркәсіп» ҰАК жаңақорғандықтарға 50 орындық балабақшаны сыйға тартты

Құны 147 млн. 812 мың теңге тұратын жаңа бөбекжай аудандағы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ» қарасты «Байкен-U» ЖШС-нің демеушілігімен бой көтерді. Салтанатты жиынға «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ» басқарма төрағасы В.Школьник, жапондық әріптес «Марубени» компаниясының жауапты өкілі Т.Тоданори, облыс әкімінің орынбасары Ғ.Әміреев, жергілікті өндіріс ошақтарының басшылары, аудан әкімі С.Тәуіпбаев қатысты.

Салтанатты жиынға келген «Байкен-U» компаниясының атынан адамдар ресурсы бөлімінің басшысы Индира Іскендірова сыйлықтарын табыс етті.

«Жаңақорған ауданы әкімшілігімен бірлесіп әлеуметтік бағдарлама аясында салынған бұл балабақша компания тарихындағы ірі нысандардың бірі. Оның құрылысын «Сәулет тур» фирмасының жобасымен «Дәнекер СК» ЖШС жүргізді. Өздеріңіз көріп тұрғандай, балабақша қазіргі заманға лайықталып салынған», - деді ол.

Балабақшаның ашылу салтанатына келген қонақтар шашу шашып, лента кесу рәсімінің куәгері болды. Ал ата-аналар атынан «Алтын алқа» иегері Ш.Мақсұтова зәулім балалар ордасын салып берген өндіріс ошағы басшылығына аналық ақ лебізін білдіріп, одан әрі еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қоса беруіне тілектестігін жеткізді. Жүздеріне қуаныш ұялаған өнерлі өрендер құрметті қонақтарға арнап ән шырқап, мың бұрала би билеп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.