Қажылық қызмет көрсетуге 10 турфирма ниет білдірді

Қажылық комиссиясы ҚМДБ жариялаған конкурсқа 10 турфирма қатысу туралы өтініш білдіргенін атап өтті. Қалған компаниялар тізімде көрсетілген 10 фирманың құрамына енді. Атап айтқанда, «Сембекова и К» фирмасы «Яассауи» компаниясымен бірікті. «Кәусар саяхат» компаниясы «Дельта тревель» фирмасының құрамына енді. «Иман тревель» фирмалары – «Әл-Маруа» компаниясымен, «Робинзон» – «Санабль» фирмасымен, «Ордабасы» – «Ансар круиз» фирмасымен, «Мина тур», «ТВВ тур» компаниялары «Нұр Қазақстан» фирмасымен бірікті.        

«Аталған 10 туристік фирмадан ғана тиісті құжаттарды қабылдадық. Осы жылы өтініш білдірген 10 турфирмамен жұмыс жасауға ниеттіміз. Алайда Сіздер осымен бұл конкурстан толық өттіңіздер деген сөз емес. Конкурстың негізгі үлкен екі талабын орындауларыңыз міндетті. Ол үшін қосымша уақыт беріледі. Осы екі талапты орындаған соң Сіздер конкурстан өткен болып саналасыздар», – деді Қажылық комиссиясының төрағасы Серікбай Ораз.

Комиссияның шешіміне сәйкес, белгіленген мерзім ішінде негізгі екі талапты орындаған жағдайда ғана аталған фирмалардың конкурстан өткендігі расталады.


Біріншісі: 2016 жылдың 23 мамырына дейін әуе тасымалымен айналысатын «Флай Нас» әуе компанияларының операторларына билет қаржысының 300 кісіге кемінде 30% (пайыз) төленгені туралы түбіртектің болуы;

Екіншісі: 2016 жылдың 30 мамырына дейін САК Қажылық министрлігінің жаңа талаптарына сәйкес, Хадж чек (қажыларды Жидда-Мекке-Мадина қалаларына тасымалдау және Мина мен Арафат жазығындағы шатырларда орналасу үшін төленетін жарна) қаржысының 300 кісіге төленгендігі туралы түбіртектің болуы.

Аталған осы екі талапты орындаған турфирмаларға 2016 жылғы қажылық маусымында қызмет етуіне рұқсат беріледі.