Қажылыққа барып келген соң арақ іше беретіндерді кім деуге болады?

Алдағы келе жатқан ұлық мереке — Құрбан айт тұсында Мекке-Мәдинада болып, қажылық парызын өтеуге әркім-ақ құштар екені белгілі, деп жазада "Замана" газеті. 

Барып қайтқандар көңілін бір демдеп, қажыға тән насихаттарын айтып та жүр. Тіпті қатарынан бірнеше мәрте барып келгендер бар.

Қысқасы, қазір қажылыққа бару қиын емес.  Бұл істі ұйымдастырып, ұшағына дейін дайындайтын бірнеше компаниялар тынымсыз жұмыс істейді. Жалдаған ұшақтарына отырғызып, діттеген жерге әне-міне дегенше апарып салады.

Осы орайда біз Меккенің жүзін көріп келген қайсыбір қажылардың теріс қылықтары жөнінде айт­сақ дейміз. Яғни осындай бірер жандардың арақ ішіп жүргенін талай көрдік. Мәселен, біз танитын атақты кәсіпкер араққа салынып жүрген бір туысын қаржысын өз қалтасынан төлеп, Меккеге жіберген еді. Бірақ әлгі туысы бүгінде анда-санда болса да арақ ішіп көзге түсіп жүр.

Тағы бір мысал, Осыдан төрт-бес жыл бұрын күйеуімен ажырасқан бойдақ келіншек қажылыққа барып қайтқан болатын. Негізінен қажылыққа некесіз әйелдің баруына жол берілмейді, жол-жөнекей болса да біреумен мұсылманшылық жолмен некеге туруы керек деп естиміз. Ал әлгі бойдақ келіншек ол жаққа некеге тұрып барды ма, жоқ па – ол жағын біз білмейміз. Білетініміз – ол қазір бұрынғыша той-тойлап, арағын ішіп жүріп жатыр.

Таяуда бір сыйлас отбасының келін түсіру тойы мен құда күту рәсімдеріне қатысқан едім. Сонда  асаба жігіт жасы алпысқа келсе де соңғы модамен киініп, денесін ашық-шашық ұстаған бір әйелді қажы деп таныстырды. Ол адам әйел де жосықсыз ішу мен тоңқалаңдап билеуден кенде болмай шықты. Ол билеп жүріп бір бума 2 мың теңгеліктерді жұрттың төбесінен асыра шашты. Өзі қиқулап жүр. Шамасы бір байдың еркетотай жұбайы болса керек.


Қарап отырсаңыз, қазіргі қажылардың қатарында кезінде кеңестік идеологияның туын көтеріп, талайды қызметтен қуып, талайды қылмыс жасауға итермелеген бұрынғы партократтар да көп. Мұсылмангершіліктің парыздарын өтей берсем Алла  бұрынғы жасаған барлық күнәларымды кешіреді деп ойлайтын болса керек.

Қазір қажылыққа бару еріккеннің ермегіне айналып бара жатқан сияқты. Ендеше бұған тосқауыл қою үшін не істеу керек? Мәселе осында жатыр. Ал оның түбі жергілікті ішкі саясат пен дін істерімен айналысатын орындарға келіп тірелетін сияқты. Егер олар жергілікті атқару орындарымен және мешіт имамдарымен бірлесе сұрыптап рұқсат беріп отырса, біз айтқан бұл келеңсіздіктер орын алмас еді деп ойлаймыз.

Жалпы, қажылыққа баратындар туралы халық пікіріне құлақ асқан жөн. Өйткені «халық айтса, қалыс айтпайтыны» белгілі ғой.