***
Тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр екенін анық айтқан Елбасы Ұлытау төріндегі ой-толғауында тарих туралы әңгімені тереңнен шымырлата, тал-талдап өрбітті. Оқыған сайын тарихты біркісідей білем деп жүрсең де білмейтінің бардай көрінеді. Қазақтың кең¬-байтақ даласының төрт құбыласы тарихқа тұнған қасиетті мекен екендігін мойындап жүрсек те Ұлытаудың ұлылығы жайлы Нұрсұлтан Әбішұлының айтқаны ерекше әсер қалдырады.
Елбасы сұхбаты талай адамды күдікті ойлардан сейілтіп, салиқалы пайымдауларға жете¬лейді. Мәселен, дінге қатысты айт¬қан сабырлы, салмақты пікірі діннің өз алдына адамның жаны мен әдебінің аясы екеніне сайды. Дінге қатысты талай жерде ойын ашық айтып жүрген Елбасы осы сұхбатында исламдағы құн¬¬дылыққа бағаланатын қажылыққа бару мәселесіне назар аударды. «Осы күні қалтасында ақшасы болса, ұшаққа отырып, қажылық жасап қайтатындар көбейді. Заманның ағымына байланысты ол да дұрыс шығар. Бірақ қажылықтың қасиеті басқада. Оған жолдың азабын көріп, бірнеше ай жүріп баратын болған» деп мұсылмандық парызды орындаудың қаншалықты өзгергенін айтып, оның қадір-қасиеттілігін жоғалтпау керектігін меңзейді. Халқына шын жүрекпен, әділеттілік үшін, имандылық үшін қажылыққа барса деген ниетін білдіреді. Елбасы діни тұрғыдан баршамызды толеранттылыққа шақырып, әртүрлі сенім өкілдерінің бір-бірлерінің наным-сенімдеріне құрметпен қарауға шақырды. Сол арқылы қазіргі әлемдік қоғамда өте өткір мәселелердің бірі - діни экстремизмнің алдын алуға болатындығына сендіреді. Дінді сылтау етіп, өздерінің небір мақсаттарын іске асыру үшін адамдардың сенімдерін қолданатын түрлі ағымдар мен діни ұйымдардың алдын алудың жолын ұсынады. Елбасының дінге қатысты айтқан тұжырымы мен кеңесінен әрбір адам дінге қатыс¬ты мәселеде мұқият болу қажеттігін ұғынады. Тәубе дейміз, осы уақытқа дейін Президентіміз халқымызды ұлтаралық та, дінара¬лық та қақтығыстардан қорғап, әрқашан келісім мен бейбітшіліктің орнауына сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап аянбай еңбек етіп келе жатыр. Біздің шынайы мақсатымыз бірлігіне бекем болған елдің мерейін еселей беру. Елбасы өзінің бұрынғы сұхбаттарында да «Біздің түбіміз - түрік, дініміз ислам, сондықтан қасиетті кітабымыз - Құран» деп айтқан еді. Лайым солай болғай. Қашаннан да елдіктің қайнар көзі - белгілі бір халық екендігі белгілі. Тарихи тұрғыдан келгенде, қандай болмасын мемлекет әдетте ұлттық мемлекет ретінде пайда болады. Оның мемлекеттік құрылтайшысы, әрі әлеуметтік базасы белгілі бір этникалық қауым болып табылады. Тарихи және жалпы азаматтық практикада да солай. Яғни ел болған жерде оның тілі - мемлекеттік тіл болуы керек. Біздің еліміз қазақ елі болғандықтан, мемлекеттік тіліміз де қазақ тілі. Бұл Ата Заңымыздың 7-бабында тайға таңба басқандай етіп, мемлекеттік тіл - қазақ тілі деп атап көрсетілген. Сондықтан да мемлекет өз тілін сақтап, оның қолдану өрісін кеңейту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап келеді. Өйткені, қазақ тілі - Туымыз, Ел¬таңбамыз, Әнұранымыз бен қатар, елдігіміздің басты белгілерінің бірі. Мемлекеттік тіл - тек қазақтың тілі емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлттың ұлтаралық ортақ тілі. Елбасы: «Тіл туралы заңды қолданып, өзімізбен өзіміз қазақша сөйлесуіміз керек. Тілді қолданып, батыл сөйлеуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз керек» - деді. Туған тілінде таза әрі шешен, тапқыр сөйлейтін Нұрсұлтан Әбішұлының «Қазақ қазақпен өз тілінде сөйлессін» деген афоризмге айналған ойын айтқалы қашан. Ана тілімізде оқуға, сөйлеуге, жазуға кім бөгет. Ешкімде бөгет болған емес. Құр байбалам ешкімді ұшпаққа шығармаған. Өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді меңгеруге құлшыныс танытып жатса, қамқор көңілмен қолдап келеміз. Ендеше: «Адамға екі нәрсе тірек-тегі, бірі - тіл, бірі - ділің жүректегі» - деп, Ж.Баласағұн айтқандай, қазақ тілінің көсегесін көгерту алдымен өзін қазақпын деп санайтындар ғана емес, Қазақстан топырағында тұратын таза ниетті әрбір азамат, мемлекеттік тіл - қазақ тілін өзіне тірек етіп, ол тілді жүрегімен сүюі тиіс. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстандықтардың өскелең ұрпағына үш тілді меңгеру: қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде және ағылшын тілін халықаралық қатынас тілі ретінде білу мүмкіндігін жасауға деген ұмтылысы өте дұрыс деп ойлаймын. «Тілдердің үш тұғырлылығы» мәдени жобасы - дүниежүзіндегі алдыңғы қатардағы мемлекеттерге тән құбылыс. Дегенмен, мем¬лекеттік тіл - өмірлік қажет-тілік. Оны саяси саудаға, дау-дамайға айналдырудың қажеті жоқ. Мемлекеттік тіл әр адамға өзінің қайраткерлік мүмкіндігін кеңейту үшін қоғам, мемлекет ісінде өзін өзі көрсете білу үшін ел тағдырында ықпалды тұлғаға айналуы үшін керек. Мемлекеттік тіл - этносаралық проблема емес, жалпы мемлекеттік проблема. Өзін Қазақстан азаматы деп санайтын кез келген этностың өкілі барлық өркениетті елдердегідей мемлекеттік тілді өз тілім деп қабылдауға тиісті. Сонда ғана біз шын мәніндегі татулық пен тұрақтылыққа қол жеткізе аламыз. Бізге көп тіл білгеннің артықтығы жоқ. Күні ертең Бүкіләлемдік Сауда Ұйымына кіргелі отырмыз. Осы ретте бізге мықтап қазақ, орыс, ағылшын, тіпті, қытай тілін де меңгеріп алу қажет. Тіл мәсе¬лесінің өте нәзік екендігі, оның зорлықпен емес тек қана шынайы ынталылықпен ғана ыңғайланатын шаруа екендігі белгілі. Ал тілдің өзі - тарих тереңіне бойлатып, өнер мен мәдениеттің кәусар бұлағына сусындататын рухани әлеміміздің сарқылмас қазынасы.
Елбасының Ұлытау төріндегі ұлт туралы толғанысы ел тарихына, жер тарихына, тілі мен дініне немқұрайды қарай алмайтын, халқының жарқын бола¬шағына нық сеніммен қарайтын елжанды азаматтарға ой салып, толғандырғаны анық. Келер жылдың басынан күшіне енгелі отырған Экономикалық одақ төңі¬регіндегі ашық әңгімесі көптің көкейінде жүрген көп сауалдың жауабы болып, күдікті ойдан сейілтті. Әлем елдерінің интеграцияға жаппай көңіл бөліп, бір-бірімен көпжақты ынтымақтастықты интенсивті түрде дамытуға жаһанданудың да әсері мол. Оның бірден-бір себебі, бірқатар жаһандық проб¬лема¬ларды бірлескен күштермен шешудің және табиғи ресурстарды, инфрақұрылым объектілерін тиімді пайдаланудың қажеттілігі туындауда. Әрине, өзге мемлекеттер сынды Қазақстан үшін бұл мәселе айрықша мәнге ие, өйткені, еліміздің халықаралық экономикалық интеграцияға қатысуы - мемлекет егемендігінің экономикалық негіздерін құрудың, экономиканың қарқынды өсуін қамтамасыз етудің, толыққанды мүше ретінде оның әлемдік қауымдастыққа кіруінің алғы¬шарты болмақ. Оның үстіне Қазақ¬стан Еуразиялық ірі мемлекет ретінде мүддесі алуан түрлілігімен және географиялық жан-жақтылығымен ерекшеленеді. Осыны Елбасы ертеден-ақ түсі¬ніп, Қазақстанның әлемдік эко¬номикаға белсенді интеграция¬лану қажеттілігін экономикалық одақ құру арқылы жүзеге асыруды көздеді. Тарихты жасайтын да, қалыптастыратын да онда¬ғ¬ы жарқын оқиғаларды өмірге әкелетін де жеке тұлғалар десек, тәуелсіздік алған жиырма екі жылдағы еліміз жеткен жетістіктің шынар басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұр. Осы жылдар ішінде ел болашағы үшін талай таңдау жасалып, маңызды ірі-ірі шешімдер қабылданды. Халқымыз бүгінгі күнге дейін игі бастамалардың, тың идеялардың куәсі болып келеді. Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы зор болатынына сеніміміз мол. Өйткені, мамандардың болжамы бойынша, үш мемлекеттің жиынтық ІЖӨ-сі шамамен 2 триллион долларды құраса, өндірістік әлеуеті 600 миллиард долларға, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру көлемі - шамамен 112 миллиард долларға, ал жалпы тұтыну на¬рығы 170 миллион адамға баға-ланады екен. Бұл бірлестік бізге өндірістің әртүрлі салаларында инновациялық технология¬ларды енгізуге, тиімді кооперациялар құруға қосымша мүмкіндіктер береді. Экономикалық одақтың қараша халық үшін түсініксіз жағын Елбасы өз сұхбатында мысал келтіре отырып, қарапайым тілмен жеткізіп берді. «Экономика өсіп-өнбесе, басқа шаруаның бәрі шешілмейді. Тіл де, дін де жайына қалады. Қазақтың да жағдайы жақсармайды. Сондықтан, бұған түсіністікпен қарау керек», - деп елі үшін негізі бар, пайдасы бар қадамға барып отыр. Шынымен де, ел егемендігі үшін Елбасы еш аянбайтынын осы сұхбаттан-ақ көруге болады. Сұхбатты оқи отырып Нұрсұлтан Әбішұлының тұла бойындағы патриоттыққа тәнті боласың. Егер жас буынның бәрі осындай елжандылық қасиетке шомылып өссе, еліміздің Мәңгілік болатынына неге сенбеске.