Қазір көрермен үшін қызу күрес жүріп жатыр - «Қазақфильмнің» президенті Е.Аманшаев

Оның айтуынша, 2008 жылдан бері қазақ киносының көрермені бес есе өсті. Бас кезінде олардың саны 250 мыңды құраса, өткен жылы 1 млн. 200 мыңнан асты. Бұл - отандық көрерменнің тек 10-ақ пайызы ғана. «Бүгінде киноға баратындардың басым бөлігі - 15-22 жас аралығындағы жастар. Олар - қазіргі киноның негізгі көрермендері. Шыны керек, қазір олар үшін қызу күрес жүріп жатыр. Ал осы ұрпақтың жүрегінде қандай сезім бар? Бұл - мемлекеттік маңызы бар мәселе», - дейді Е.Аманшаев.

Бүгінде Қазақстанның кинопрокатындағы отандық фильмдердің үлесі 5-ақ пайызды құрап отыр.

Оның хабарлауынша, өткен жылы Қазақстан прокатына 285 фильм шықққан. Соның 225-сі - АҚШ-тың кинотуындылары, 48-сі ресейлік фильмдер болса, 14-і ғана Қазақстанға тиесілі. «Сондықтан бүгінгі кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесі тек 5 пайызды ғана құрап отыр. Бұл ретте қазақстандық фильмдердің санын арттырудың маңызы зор. Біз 20 пайыздық үлес туралы айтамыз. Бұл – 40-45 фильм. Оны шығару қиын болса, жылына 20-25 фильм шығарып, 10 пайыздық үлесімізді сақтап отырсақ қой... Бәсекеге араласуға мүмкіндігіміз болар еді», - дейді Е.Аманшаев.