"Қазіргі үйреншікті өмірлеріңізді өзгерткілеріңіз келмесе, балшықтай бір орында қала берсеңіздер болады" - Айнұр Тұрсынбаева


Бұл туралы ол Instagram-дағы парақшасында жазды, - деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"Баяғы заманда елсіз, иесіз далада ешкімге керексіз болып қызыл балшық жатыпты. Жаңбыр жауса ми батпаққа айналып, ыстық болса кеуіп, жарылып, міне осылай, үйреншікті өмірі қайталана беріпті. Бір күні сол өңірден өтіп бара жатқан қыш шебері балшықты байқап қалып, қапқа салып алып кетеді. Қызыл балшық жол бойы "Мені қайда апара жатыр, не үшін апара жатыр?" деп, сары уайымға салынады.

Ақыры шеберхана столынан бір-ақ шығады. Шебер оны тақтайға атып ұрып, илей бастайды. Балшық:
- Мені жібер! Жайыма қалдыр! Бұрынғы орныма қайта апар!, - деп айқайға басады.

Шебер: "Сен әлі дайын емессің", - дейді жылы жымиып.

Содан кейін балшықты айналмаға тастайды. Дүние шыр көбелек айнала жөнеледі. Балшық: "Ойбай, бұл не сұмдық?! Басым айналып барады, тоқтат!" - деп байбалам салады.

Шебер тағы да сабырлы қалыпта: "Сен әлі дайын емессің", - дейді.

Шебер балшықтың пішінін келтіріп, ыстық отқа салып, оттан шығарып, сырлы бояу жағып, қайтадан отқа кептіреді. Балшық тағдырына налып, шеберді жек көріп, айналдырған жарты сағатта өмірден баз кешіп кетеді. Ал шебер болса асқан шыдамдылықпен: "Сен әлі дайын емессің" деуден шаршамайды.

Ақыр соңында шебер балшықтың алдына айна қояды:
- "Міне, енді дайынсың!"- дейді жұмбақтай жымиып.

Айнаға қараған саз балшық өз көзіне өзі сенбейді. Қарсы алдында көздің жауын алатын әдемі кесе тұр еді.
- "Бұл мен бе?" - дейді абдырап.
- Әрине, сенсің... Алайда жаңа ғана бұрынғы өлкеңді, өміріңді аңсап жатыр едің. Мен сені қайтадан балшыққа айналдыра аламын. Таңдау жаса: саз балшық болғың келе ме, сырлы кесе ме?, - деп сұрайды шебер.

Сырлы кезе жүзін төмен салады...

Қайсысын таңдағанын, әрине, іштей біліп отырған боларсыздар. Міне, дәл осы таңдау сіздердің де алдарыңызда тұр. Егер қазіргі үйреншікті өмірлеріңізді өзгерткілеріңіз келмесе, балшықтай бір орында қала берсеңіздер болады. Ал егер сырлы кеседей сұлу, адамзатқа пайдалы болғыңыз келсе, бізбен бірге дамудың дара жолына түсіңіз", - деп жазды Айнұр Тұрсынбаева.