Кездесу барысында тараптар көгілдір отын өндіру саласындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы талқылады. Атап айтсақ, Орталық Азия газын транзитті тасымалдау туралы ұзақ мерзімді келісім-шартына қол қоюға байланысты мәселелер сарапқа салынды.
А.Миллер мен Т.Құлбаев "Орталық Азия-Орталық" магистралдық газ құбыры жүйесінің қуатын арттыру және оны модернизациялауға бағытталған шаралар кешенін қарады.
Орынбор газ өңдеу зауытын жаңалау үшін "ҚазМұнайГаз ҰК" АҚ мен "Газпром" ААҚ бірлескен кәсіпорын құру мәселесіне баса назар аударылды. Бірлескен кәсіпорын құрудағы мақсат - Қарашығанақ кенішінен шығарылатын газды өңдеу көлемін жылына 15 млрд. текше метрге дейін жеткізу болып табылады.
Қазақстан Республикасындағы барланған табиғи газ қоры 2 трлн. текше метрді құрайды. Ал Каспий қайраңын ескере отырып есептелген болжамдық табиғи газ қоры 8,3 трлн. текше метрге жетеді.
2005-жылы Қазақстанда 14 млрд. текше метр газ өндірілмек. Ал 2020-жылға дейін өндірілетін газ мөлшерін 40 млрд. текше метрге жеткізе отырып, экспортқа шығарылатын ауқымды арттыру көзделіп отыр.
Қазақстанның магистралдық газ құбыры жүйесі арқылы өзбек және түрікмен газы Ресейдің Еуропалық бөлігіне, Украина мен Закавказье елдеріне жеткізіледі. Газ құбырлары желісінің жалпы ұзындығы 9 мың шақырымды құрайды. Қазақстанның газ құбырларының жалпы транзиттік өткізгіштік қабілеті 50 млрд. текше метрден асады, оның 42 млрд. текше метрі "Орталық Азия-Орталық" магистралдық газ құбыры жүйесінің үлесіне тиеді.