Компаниядан хабарлауынша, кейінгі жылдары ұлттық мұнайгаз компаниясы негізгі қорды техникалық тұрғыдан қайта жарақтау саясатын белсенді жүзеге асыра бастады. Қазақстандық машина жасау зауыттарына тапсырыстар беру есебінен техника біршама жаңаланды. Бұрғылау қондырғылары, фонтан қондырғысы, көтергіш агрегаттар мен арнаулы техника тәрізді негізгі мұнайгаз жабдықтары 85-90 процентке жаңаланды.
"Қазақстан Республикасында мұнайгаз саласында машина жасау өнеркәсібін дамыту жөніндегі бағдарламаның" жобасын Ұлттық компания 1997-жылы жасап қабылдаған. Сол кезде оған үш зауыт қатысқан. Ал 2000-2002-жылдары олардың саны 10-ға дейін өссе, бүгінде 24 зауыт қамтылып отыр.
Бүгінде отандық кәсіпорындар мұнайгаз саласына арналған жабдықтар, арнаулы техника, материалдар мен қосалқы бөлшектердің 200-ден астам түрін өндіруді игерді. Таяудағы 2 жылда жаңадан 46 түрін игеру көзделіп отыр.
Компанияның мәліметі бойынша бүгінде Қазақстанда республиканың машина жасау зауыттарының бірінде ұңғыларды күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге арналған материалдар мен аспаптар шығаруды жолға қою мәселесі қарастырылып жатыр.