Жоба «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ алға қойған 50 үлгілік көпмақсатты спорт алаңын салу бағдарламасын, сондай-ақ ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстанда бұқаралық спортты дамыту бастамасын іске асыру аясында жасалды. Бұл бағдарлама спорттың бұқаралық түрлерімен айналысу үшін жағдай жасауға және салауатты өмір салтын насихаттауға, спортқа балалар мен жеткіншектерді тартуға бағытталған.
№51 орта мектептің көпмақсатты спорт алаңын ашу рәсіміне «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ бизнесті қолдау жөніндегі бас менеджері Серікбек Елшібеков, Алматы ауданы әкімінің орынбасары Түсіп Ырысбеков, Алматы ауданы білім бөлімінің бастығы Айна Қаспақова, Білім министрлігінің және т.б. өкілдері қатысты.
- «Бүгін біз «ҚазМұнайгаз» ҰК АҚ компаниясы баршаға, яғни осы мектептің оқушыларына да, осы маңда тұратын балаларға да арналған спорт алаңын ашып отырмыз», деп атап көрсетті өз сөзінде Серікбек Елшібеков. - «Біз мүмкіндігінше көп баланың осынау заманауи әрі тамаша жабдықталған спорт алаңында спорттың өзі ұнатқан түрлерімен айналысқанын қалаймыз», - деді ол.
Спорт алаңын таныстыру аясында жаңа футбол алаңында Астана қаласы №8 балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебі мен №51 орта мектеп оқушылары командаларының арасында жолдастық кездесу өтті.
Құрылыстың заманауи технологиясының арқасында спорт алаңында шағын футболмен, волейболмен, баскетболмен және тенниспен, басқа да ойын спорт түрлерімен айналысуға болады. Енді №51 мектептің оқушылары Уимблдонның тамаша жаттығу алаңқайларында қолданылғандай синтетикалық жабын төселген алаңда теннис ойнаса, мектептің футбол командасы ФИФА және УЕФА-дан сертификат алған жасанды көгалда жаттыға алады.
Қыста алаңның жарақаттану болдырмайтын, суыққа төзімді жабыны балалар спорты үшін мейлінше ыңғайлы әрі қауіпсіз, ол қайталап мұздата-жылыта беруге арналған, бұл елорданың ауа райы жағдайында өте қолайлы. Спортпен кешкі мезгілде шұғылдану үшін спорт алаңына қосымша жарық беру діңгектері орнатылған. Спорт алаңын салу кезінде ҚР барлық экологиялық, санитарлық-гигиеналық, өртке қарсы және басқа да нормалар мен ережелер қатаң сақталған.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ құрылыс бағдарламасын іске асыру аясында оқу жылының басталуына орай тағы да осындай он заманауи спорт алаңын ашуды жоспарлап отыр, ал бүкіл Қазақстан бойынша осындай 50 нысан салынатын болады.
Көпбейінді спорт алаңдарын салу бағдарламасы 2010 - 2011 жылдарға есептелген.