"ҚазМұнайГаз ҰК" ЖАҚ-ның 2003-жылғы жұмысы табысты деп бағалануда - ҚазМұнайГаз президенті

Ұ.Қарабалиннің айтуынша, "ҚазМұнайГаз ҰК" ЖАҚ 2003-жылы мұнай және газ конденсатын өндіру көлемін 7 млн. 915 мың тоннаға жеткізді, бұл 2002-жылғы деңгейден 6,5 процентке артық. Жоспардан тыс 193,7 мың тонна мұнай өндірілді. 2003-жылы "ҚазМұнайГаз ҰК" ЖАҚ-ның кірісі 399 млрд. теңгені құрады, бұл 2002-жылғы көрсеткіштен 4,4 процент артық.

Компанияның таза пайдасы 69,1 млрд. теңгені құрап, өткен жылғымен салыстырғанда өсім 18,9 процентті құрады. 2003-жылы компанияның жеке қоры есебінен 58,5 млрд. теңге көлемінде қаржы жұмсалды, соның ішінде өндіріс саласына 47,5 млрд. теңге арналды. 2002-жылғымен салыстырғанда өсім 21,4 процентті құрады. 2004-жылдың 1-тоқсанында 14,6 млрд. теңге көлемінде қаржы жұмсау көзделіп отыр.
Ұ.Қарабалиннің айтуынша, "қазір нысандарды жаңалау, өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандар салу және күрделі қаржы жұмсау мөлшерін арттыруға баса назар аударылуда". "2004-жылы негізгі өндірістік ресурстар мен активтерді жаңалап, компанияның сенімді жұмыс істеуіне жағдай жасау жоспарланған",- деді ол. Сондай-ақ, 2004-жылы "ҚазМұнайГаз ҰК" ЖАҚ мұнай және газ тасымалдау көлемін арттыруды межелеп отыр.