«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының демеушілік қолдауымен «Астана» ватерпол клубының ардагерлері әлем чемпионатына қатысады

Команда 1995 жылы құрылған, 1996 жылдан бастап демеушілік көмектің арқасында Халықаралық спорт комитеті және су спорты түрлерінің Халықаралық федерациясы ұйымдастыратын әлемдік біріншіліктерге белсенді түрде қатысып келеді. Атап айтқанда, 2008 жылы команда Перт (Австралия) қаласында өткен әлем чемпионатының 40 жастан асқандардың санатында - күміс жүлдегер, 2009 жылы Сидней (Австралия) қаласында ардагерлер арасында өткен олимпиадада - чемпион атанды.

Команда құрамында Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген 4 спорт шебері (Нұрлан Меңдіғалиев, Асқар Оразалинов, Сергей Дроздов, Сергей Севостьянов), 5 халықаралық спорт шебері (Александр Полухин, Виктор Сальниченко, Константин Чернов, Андрей Белофастов, Сергей Дроздов), тағы басқа 10 спорт шебері ойнайды.

«Негізінде команда 80 жылдардың соңы - 90 жылдардың басындағы КСРО-ның су добы чемпионаттары мен кубогының 3 мәрте күміс және 2 рет қола жүлдегері атанған және көп жылдар бойы КСРО - ның ең мықты командалар үштігіне енген әйгілі «Динамо - Алматы» су добы командасында ойнаған спортшылардан жасақталған», - дейді команда спортшыларының бірі Асқар Оразалинов.

Ватерпол клубының ардагерлері әр жылдары олимпиада ойындарында, әлем чемпионаттарында және универсиадаларда Ұлттық құрамда, ал 2000 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық құрамасының құрамында Бангкоктағы(Таиланд) Азиялық чемпиондар Кубогының иегерлері болды.

Команда осынау спорт түрі бойынша Орта Азиядағы бірегей команда болып табылады.