"Қазнетті қалыптастыру тұжырымдамасын жасауда қарастыруға берген сіздің тапсырмаңызға қатысты басты мәселелер топтамасын ҚР Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігі орындады", - деді Қ. Есекеев премьер-министр Кәрім Мәсімовке қаратып айтқан сөзінде.
"Қазір тұжырымдаманың жобасы мемлекеттік органдармен келісілді, алдағы аптада біз оны үкіметке енгіземіз", -деді ол.
Агенттік басшысының хабарлауынша, тұжырымдамаға Қазақстанда интернет пен интернет-контент тұтынушыларының санын арттыру және интернет желісінің Қазақстандық бөлігінің инфрақұрылымын дамыту деген басты екі бағыттағы шаралар қамтылған.
"Сол себепті қазір біз баршамыз бірлесіп Қазнеттің мазмұнын байыта түсу бағытында жұмыс істейтін болсақ, бұл Қазақстанда желі тұтынушылары санының анағұрлым өсіміне алып келеді", - деді Қ. Есекеев.
Оның айтуынша, ICT Marketing маркетингтік агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2007 жылы Қазақстанда 1 млн 600 мың адам, немесе ел халқының 11% интернет желісін тұтынушы ретінде тіркелген. "Интернетте шешуші іздестіретін сөз ретінде "Қазақстан", "Астана" және "Алматы" сөздерін пайдаланатын тұтынушылар саны жыл өткен сайын өсе түсуде. "Яндекс" және "Рамблер" компанияларының мәліметінше, қазірде Қазнет ресурсын ай сайын 1 млн астам адам пайдаланады, соның ішінде 62% - Қазақстан тұрғындары, 29% -Ресей тұрғындары, 4% - басқа да ТМД елдерінің өкілдері, 3% - Еуропа, Солтүстік Америка және Азияның тұрғындарының әрқайсысы 1%, 0,5% - басқа елдердің тұрғындары", - деді Қ. Есекеев.
Республика үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қазнетті дамыту тұжырымдамасын үкімет "қарауға мейлінше жылдам қабылдауы қажет", деді. "ҚР Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігінің стратегиялық жоспарын қараған кезде біз тұжырымдамадағы көптеген мақсатты көрсеткіштерді, мәселен, Қазнеттегі активті домендік атауларды ұлғайту, интернет желісін тұтынушылар санын арттыру секілді көрсеткіштерді агенттік іс-қызметінің тиімділігін бағалауда пайдаланатын боламыз", - деді ол.