Бұл орталық №17 үлгілі пошталық байланыс бөлімшесінің негізінде іске қосылды.
Ақша аударымдар орталығы 24/7 форматында жұмыс істеп, «SALEM, TENGE!» жедел ақша аударымдарын, мемлекет ішіндегі пошталық аударымдарды, халықаралық аударымдарды және «Western Union» жүйесі бойынша аударымдарды жүзеге асырады. Сонымен қатар клиенттер валютаны айырбастап, коммуналдық, салық және басқа да төлемдерді жүзеге асыру қызметін пайдалана алады, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
«Бұл пилоттық жоба болғандықтан, қазір тәулік бойы тек бір ғана оператор жұмыс істейді, бірақ келешекте біз клиенттер үшін төрт операторлық терезені іске қосуды жоспарлаймыз. Ақша аударымдар орталығы техникалық үзілістермен қызмет атқаратын болады, олар 19:00-ден 20:00 дейін және 23:45-тен 00:15 дейін» - деп түсіндірді «Қазпошта» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Байрам Азизов.
Бүгінгі таңда №17 үлгілі бөлімше жеке және заңды тұлғаларға қызмет көрсетіп, клиенттерді пошталық және банктық қызметтермен толық қамтамасыз етеді. Электрондық кезек пен тәулік бойы ашық тұратын, оның ішінде банкомат, төлем терминалдары және постаматы бар «POST 24» атты автоматтандырылған зонамен жабдықталған.
«Қазпошта» АҚ - пошталық, қаржылық және логистикалық қызметтерді ұсынатын Қазақстан Республикасының ұлттық пошта операторы. Дүниежүзілік пошта одағының мүшесі, VISA International және MasterCard Worldwide халықаралық төлем жүйелерінің қатысушысы. «Самұрық-Қазына» АҚ компанияның жалғыз акционері болып табылады.