ҚазТрансГаз өз қызметкерлерін Тбилиси қаласынан шұғыл әкетті (нақтыланған нұсқасы)

"Грузиядағы қалыптасқан жағдайға байланысты "ҚазТрансГаз - Тбилиси" ЖШҚ қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында "ҚазТрансГаз" АҚ "Самұрық" холдингінің тапсырмасына сәйкес Тбилиси аумағында жұмыс істейтін өз қызметкерлерін шұғыл әкету туралы шешім қабылдады", - деп атап көрсетілген баспасөз қызметінің хабарламасында.

Компанияның ұсынған ақпаратына сүйенсек, бүгін таңғы 3 сағат 30 минутта "ҚазТрансГаз" компаниясы арнайы жіберген Грузияда жұмыс жасайтын "ҚазТрансГаз - Тбилиси" ЖШҚ қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері - барлығы 45 адам мінген ұшақ Алматы әуежайына келіп қонды. "ҚазТрансГаз - Тбилиси" ЖШҚ бас директоры Санжар Шоқатаев бастаған 10 қызметкер қала халқын үздіксіз газбен жабдықтау үшін Тбилисиде қалған.

"ҚазТрансГаз" АҚ баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, "ҚазТрансГаз - Тбилиси" ЖШҚ қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері мінген ұшақ бұдан бұрын хабарлағанымыздай Астана қаласына емес, Алматы қаласына келіп қонған.