ҚазҰУ таңдаған «Al-Farabi University Smart City» даму моделі

Бұл күнде ҚазҰУ әлемде «smart» деген терминмен аталатын даму жолының жаңа сатысына келді. «Аl-Farabi university - smart city» жобасы - бұл университеттік қалашықтың жаңа сапасы. Оған өту әлеуметтік, экономикалық, ғылыми, мәдени жағынан жаңа нәтижеге қол жеткізуге алып келді. «Ақылды» университеттер - бұл зияткерлік ұлт қалыптастырудың кепілі, еліміздегі адам капиталы сапасының жоғарылауының нышаны.

Осы орайда қазіргі таңда «smart» – «ақылды», «парасатты» сөзі өте жиі қолданылып жүр. «Smаrt-қала», «Smаrt-денсаулық сақтау», «Smаrt-білім», «Smаrt-энергетика», және сол секілді жалғасып кете береді. Бірақ мұның бәрі көбіне технологиялық-техникалық, цифрлық жүйеге қатысты ғана біржақты қабылданып, айтылып келеді. Шын мәніне келгенде, «smart» сөзінің мағынасы одан ауқымды әрі кең. Оның астарында «ақылды», «парасатты» «ізгі» деген ұғымдар жатыр. Ал, ақылдылық пен парасаттылық тек қана жаңа техниканы, технологияны меңгерумен өлшенбейтіні анық, ол адами қасиеттермен, адамгершілік болмыспен бағаланады.

Сондықтан да "Аl-Farabi university smart city" университет дамуы моделінің бір негізінде ұлы ойшыл, әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидың мінсіз қала, мінсіз қоғам жайлы толғамы жатыр деп түсінсек жаңылыспаймыз. «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жөніндегі трактат» – әл-Фарабидің ең кемел туындыларының бірі. Бұл еңбек 948 жылы жарыққа шықты. Әл-Фараби қайырымды қала трактаттарында әділ әрі ізгілікті сипаттап, оны қайырымды қала деп атаған. әл-Фараби бабамыз аталмыш еңбегінде ақылды қоғам, оның тұрғындары, басшысы, олардың өзара қарым-қатынастары қандай сипатта болуы керектігіне ғылыми негізде жауап берген. Әл-Фараби адамдар шынайы бақытқа жету үшін әр уақытта өзін-өзі жетілдіру арқылы бірі-біріне көмектесу қажет деп біледі. Ғұламаның пікірінше, тұрғындары өзара қайырымдылық жасауды әдетке айналдырған қоғам – ең қайырымды қоғам болып табылады. Ғұлама бабамыздың бұл идеясы бүгінгі жаһандану процессіне қадам басқан әлем үшін де аса маңызды болып отыр. Сол себкптен де бұл идея, арада он бір ғасыр өткеніне қарамастан, өзінің мәні мен маңызын жоғалтқан жоқ деп кәміл сеніммен айта аламыз. Университетіміз бетке ұстаған «Al-Farabi university – smart city» атты технологиялық-техникалық дамуды ғана емес, рухани жетілуді де біріктірген даму моделі Әл-Фарабидің бүкіл адамзатқа ортақ қайырымды қоғам құру идеясын жандандыра жан-жаққа кеңінен насихаттаудың бір себепшісіне айналып отыр. Мұның астарында үлкен мән-мағына жатыр. Себебі бүгінгі университет қабырғасында тәлім-тәрбие алып, білім нәрімен сусындап жүрген студент ертең маман болып еңбекке араласумен ғана шектеліп қоймайды, ол күндердің күнінде тұтас бір ұлттың, тіпті, адамзат тағдыры үшін бір өзі маңызды шешім қабылдайтын сәтке де жетеді. Сол

уақытта жеке тұлға ретінде ол рухани қасиетті бойына дарытқан, ақылды, қайырымды, парасатты болса, онда оның ұлттың тіпті бүкіл адамзаттың болашағы үшін дұрыс шешім қабылдай алатыны мәлім. Сол себептен, «Al-Farabi university – smart city» моделін біздер өмір қажеттілігінен туған өміршең жоба кәміл сеніммен айта аламыз.


Б.Б. Карибаев,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

М.К. Алдыбекова,

Тарих, археология және этнология факультетінің

7М02210 – мамандығының 2 курс магистранты