"Қазына" қоры Қазақстанның туристік орталықтарын дамытуға атсалысу мәселелерін қарастырып жатыр

"Біз туристік орталықтарды дамытуға қандайбір жолмен атсалысуды жоспарлап отырмыз. Өйткені біз бұл жобаларға тек инфрақұрылымды дамыту сатысында ғана қатыса аламыз",- деді Қ.Келімбетов.

"Қор инфрақұрылымды жүзеге асырады, одан кейін жеке меншік компаниялар туристік орталықтардағы ауқымды құрылыс жұмыстарына инвестиция тарту міндетін атқаратын болады", деді ол. "Бұл Алматы және Маңғыстау облыстары мен Бурабай шипажай аймағына қатысты",- деді Қ.Келімбетов.

Оның түсініктемесіне сәйкес, қазірде "ҚазМұнайГаз" және "МаңғыстауМұнайГаз" акционерлік қоғамдары Маңғыстау облысында туризмді дамытудың мастер- жоспарын жасауға уағдаласты. Бұл жобаға туристік консалтинг саласында жұмыс істейтін Германияның IPK INTERNATIONAL атты халықаралық компаниясын тарту межеленген. "Қазына" қоры жетекшісінің айтуынша, егер бұл компаниялар мамыр айында мастер-жоспарды жасауға 1,5 млн доллар бөлсе, онда жоспар ағымдағы жылдың қазан айында жасалып бітеді. Бұдан кейін әрбір туристік нысанның жобалық-сметалық құжаттары дайындала бастайды. "Біз бұл жобаға өз тарапымыздан қаржы бөле аламыз, бірақ ақырғы шешім қабылданған жоқ",- деді Қ.Келімбетов.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті