Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады. Сондай-ақ бағдарлама аясында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйдің өңірлік қорын құру, қажетті инфрақұрылым жүргізу арқылы жеке тұрғын үй құрылысын дамыту жоспарланған. Жеке тұрғын үй құрылысы жаңа бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынатын болады.
«Тапcырма Мемлекет басшысы тарапынан берілді, бағдарлама керек, адамдар күтіп отыр. Жұмысты күшейту керек. Бүгінгі отырыста айтылған барлық ұсыныстарды тағы бір мәрте қарастыру керек, ол барлығын алаңдатып отыр. Сол үшін жыл соңына дейін, Асқар Ұзақпайұлы (Асқар Мамин - ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары. - АА), барлығымен бірге тағы бір рет қарастырып, бекітуге ұсыну керек», - деді Б.Сағынтаев.
«Аталған бағдарлама тұрғын үй құрылысын дамытуға, отандық кәсіпорындардың құрылыс қуатын пайдалануға маңызды серпін береді және жергілікті қамту үлесін 90%-дан арттыруға дейін мүмкіндік береді. Сонымен қатар бағдарламада ұсынылған құралдар бүгінде жоқ екенін айта кету керек. Бұл құралдарды енгізу көппәтерлі баспана мен жеке тұрғын үй құрылысын дамытуға маңызды серпін береді. Барлық тетіктері өңірлермен талқыланды, барлық ескертулер бағдарламаның соңғы редакциясында көрініс табатын болады. Біз оның құрылыста және қалаларымыздың заманауи келбетін қалыптастыруда маңызы жоғары болады деп санаймыз», - деді А.Мамин.
Еске сала кетейік, биыл қыркүйек айында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке жаңа міндеттер жүктеп, таяу болашақтағы басымдық берілетін жұмыстарды айқындап берген болатын. Үкіметке бірнеше мемлекеттік бағдарлама дайындау тапсырылды, оның ішінде нәтижелі еңбекпен қамту және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды шағын және орта бизнеске тарту бағдарламасы, 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы және жеке тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бар.