"Қазіргі уақытта біз Қазақстанның барлық облыстарының, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен, жергілікті атқару органдарымен меморандум жасаудамыз. Бұл меморандум тек бір ғана мәселеге байланысты. Ол 2005 - 2007 жылдардағы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында берілген немесе беріліп жатқан несиелерді Қазақстанның ипотекалық компаниясы тарапынан қайта қаржыландыруды жалғастыру", - деді А. Ибадуллаев.
Оның айтуынша, кейбір әкімдіктер үйлерді 2007 жылы пайдалануға беріп үлгермеген. "ҚР Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы ғана өтетін 2008 - 2010 жылдардың бағдарламасы басталып кетті. Оған Қазақстанның ипотекалық компаниясы қатыспайды. Алайда, 2007 жылдың 31 желтоқсанына дейін қаржыландырылған үйлердің құрылысы 2005 - 2007 жылдардағы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша жалғасады. Және Қазақстанның ипотекалық компаниясы аталмыш тұрғын үйлер бойынша ипотекалық несиелерді екінші деңгейдегі банктерден және ипотекалық ұйымдардан, яғни, Қазақстанның ипотекалық компаниясының ипотекалық ұйымдары мен серіктес-банктерінен сатып алады", - деп түсіндірді ҚИК басқарма төрағасы.