Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева "Егемен Қазақстан" басылымындағы мақаласында жеңіл өнеркәсіпті жандандыру қажеттігіне баса назар аударды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.
Сенат Төрағасы жеңіл өнеркәсіп саласының өзгерістерді қажет ететіндігі дәл қазіргідей күрделі кезеңде айқын байқалғанын айтты.
"Ең қарапайым зат – медициналық маскалар – нөмірі бірінші тапшы тауарға айналды. Жеңіл өнеркәсіптегі ірі және орта кәсіпорындар аз бөлігінің өзі қысқа мерзімде бар күштерін маска шығаруға бағыттай алмайтындай жағдайда болып шықты. Тіпті өзіміздің дәке өндірісіміз де жоқ. Қалыпты уақытта маскамен ойдағыдай қамтамасыз етіп келген шағын кәсіпорындар дағдарыс кезінде мәселені шеше алмады",- деді Дариға Назарбаева.
Бұл ешқайда асықпай, көп нәрсені ойлану үшін жақсы уақыт. Ең бастысы, баршамыздың ғажап ортақ үйіміз – Қазақстанның қауіпсіздігі туралы, біздің өмір сүруге бейімділігіміз және кез келген дағдарысты жеңе білуіміз туралы ойланатын кезең.
"Біз 90-жылдары ұлттық жеңіл өнеркәсібімізді іс жүзінде жоғалтып алдық. КСРО республикаларының экономикалық байланыстары үзілді, өнеркәсіптің шикізат базасы бұзылды, ашық шекаралар арқылы әкелінетін арзан тауарлар қаптап кетті, сондықтан бұл сала түбегейлі тоқырады",- деді Сенат Төрағасы.
Қазақстанда қазіргі уақытта 1071 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорыны жұмыс істейді екен. Олардың небәрі 40-ы ірі және орта санатқа жатады (12 ірі және 28 орта). Яғни жеңіл өнеркәсіптің салалық кәсіпорны – тігін және аяқ киім фабрикасы емес, ателье немесе артель.
Дариға Назарбаева аталған саланы дамытуға не кедергі болып отырғанын жіктеп айтқан. Жалпы әлемді жайлаған пандемия кезінде жеңіл өнеркәсіпті дамытудың қажеттігіне тоқталған. Себебі індет адамдарға ғана емес, сонымен қатар әлемдік экономикаға да жұқпалы әсер етті.
"Барлық даму бағдарламасына орын алуы мүмкін дағдарыстарға байланысты түзетулер енгізуге тиіспіз. Бұл – пандемия, климаттың өзгеруі, дұшпандық әрекеттер, шикізат немесе қаржы нарықтарындағы құрылымдық құлдыраулар және еліміз үшін қаламайтын басқа да жағдайлар болуы мүмкін. Алайда біз барлығына дайын болуымыз керек",- деді Дариға Назарбаева