Сол жерде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қытайлық делегацияға, соның ішінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге өз алғысын жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті Си Цзиньпин мырза, сізді Астанадағы ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінде қарсы алуға қуаныштымын. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстан үшін, жалпы әлем үшін осынау аса маңызды шараға өзіңіздің келіп қатысып отырғаныңызға шын алғысымды білдіремін. ЭКСПО - энергетиканы дамыту саласындағы тәжірибемен алмасатын тамаша алаң. Қытай бірінші болып осы көрмеге қатысатынын растады. Ал «Болашақ энергиясы - жасыл Жібек жолы» тақырыбындағы экпозициясы ірі павильондардың біріне жатады. Қытай Халық Республикасы баламалы қуат көздері саласында әлем көшбасшысы болып саналады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
2020 жылға дейін Қытай осы салаға шамамен 360 млрд долларды жұмсауды көздейді. Бұл - барлық мемлекеттердің ішіндегі ең үлкен көрсеткіш.
«Мен білемін, сіздердің ЭКСПО көрмесіне қатысуыңыз технологиялық қарым-қатынасты ғана емес, мәдени байланыстарды да күшейте түседі», - деп атап көрсетті Елбасы.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Респуликасының төрағасы Си Цзиньпин Ляньюньган теңіз порты және «Қорғас -Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы арасындағы контейнерлік қызметті іске қосты. Аталған жоба Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасын үндестірудің тағы бір айқын көрінісі болса керек.