ҚХР Төрағасының Астанаға сапары: Қытайлық БАҚ-тардың назары Қазақстанда

Осы орайда «Синьхуа» агенттігі екі елдің мемлекет басшылары алға қойған мақсат-міндеттерді айта келе, 2015 жылға қарай екіжақты тауар айналымды 40 млрд. долларға дейін жеткізу көзделгенін жазады. «Қытайлық тарап Қазақстанның 2050 жылға дейінгі стратегиясының табысты жүзеге асыруын қолдайды», - делінген бұл агенттіктің материалында.

«Қазақстандық-қытайлық қарым-қатынастар тату көршілік және өзара тиімді ынтамақтастыққа негізделгеніне тоқталған Си Цзиньпин, Қытай тұрақты, күшті және гүлденген Қазақстанды көруге қуанышты екенін айтты», - деп жазады Global Times газеті.

Ал «Чайна Дэйли» басылымының жазуынша, Назарбаев Университетіндегі кездесуі кезінде сөйлеген сөзінде ҚХР басшысы Тынық мұхит пен Балтық теңізін қосатын трансеуразиялық жоба, яғни «Жібек жолының экономикалық дәлізін» құруды ұсынды. «Экономикалық дәлізді құру - жобаға қатысушыларға тек экономикалық басымдықты ғана емес, сонымен қатар саяси және мәдени артықшылықтар береді. Жаңа Жібек жолын жүзеге асыру бойынша шаралар өте маңызды»,- делінген газетте ҚХР-дың Қазақстандағы экс-елшісі Яо Пэйшеннің пікірінде.

«Азия елдері Си Цзиньпиннің Қазақстандағы сөйлеген сөзіне түсінік береді» мақаласында сарапшылардың пікірлері келтірілген. Олардың сөзінше, Астанадағы Назарбаев Университетінде Си Цзиньпиннің ең басты ұсыныстарының бірі - ол Орталық Азия халықтарының әл-ауқатын арттыруға негізделген «Жібек жолының экономикалық дәлізін» қалыптастыруға байланысты болып отыр.

Мәселен, Стратегиялық зерттеулер Исламабад институтының директоры Инамул Хактің пайымынша, ҚХР Төрағасының бастамасы Қытайдың Орталық Азия өңірінің дамуы үдерісіне айтарлықтай ынталандырушы ықпал жасайтынын байқатуда.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин сенбіде Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлерін ынтымақтастықты қарқындатуға шақырды, деп жазады «Синьхуа» агенттігі. «Екі елдің бастамасымен құрылған Қазақстандық-қытайлық Іскерлік кеңесі іскерлік байланыстардың алғашқы тетігі болып табылады. Бұл өз кезегінде екі мемлекеттің арасындағы жоғары іскерлік ынтамақтастықты, сондай-ақ бизнес салалардың ынтымақтастықты тереңдету ұмтылысын көрсетіп отыр», - деп айтқан болатын Қытай басшысы.


«Жэньминьван» сайтындағы «Менің отбасымның тарихы - қазақстандық-қытайлық достықтың символы» атты материалда жарты ғасырдан кейін Алматыда Валентина есімді анасымен 65 жасар Ли Юаньканның кездесуі жайында баяндалады. Өткен сенбі күні Назарбаев Университетіндегі дәрісінде Си Цзиньпин анасын іздеп мыңдаған шақырым жерді еңсерген Ли Юанькан жайында айтқан болатын.

«Төраға менің тарихымды айта келе, Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы достық байланыстардың маңыздылығын атап өткені мәлім. Екі елдің арасындағы қарым-қатынысқа қолымнан келгенше көмек жасауға қуаныштымын және әзірмін», - деп келтірген Ли Юаньканың сөзін қытайлық сайт.

Бұдан бөлек, «Синьхуа» агенттігі Хайнань университетінің үшінші курсында оқитын қазақстандық студент Русланның пікірін жазған. «ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мені қазақстандық және қытайлық халықтар достығының елшісі деп атағанына өте қуаныштымын», - дейді студент агенттікке берген сұхбатында.

«Синьхуаның» жазуынша, өткен сенбіде Руслан достарымен теледидарда ҚХР Төрағасының Назарбаев Университетіндегі дәрісін көрген екен. Онда Қытай басшысы ақысыз қан тапсырғаны үшін Русланға алғысы мен мақтауларын айтқан. «Менің ойымша, донорлық қарапайым істерге жатады, сондықтан да мен туралы ҚХР Төрағасының атап өтуі мүлдем күтпеген жағдай болды» , - дейді қазақстандық студент.

Қытайдың Орталық телеарнасындағы репортажға қарағанда, Русланның қаны сирек кездесетін топқа жатады. Қытайда қанның бұл тобын «панда қаны» деп атайды екен. Белгілі болғандай, қазақстандық студент жылына екі мәрте донорлық орталыққа келіп, қан тапсыратын көрінеді.