Оны Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай бүгін Алматыдағы Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры көркемдік кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде айтты.
«Қазір байқасаңыздар, қоғамда сын мәселесі өте қиын жағдайда. Сын қоғамда мәртебелі орында болу керек. Соған жұмыс жасамасақ, қоғамға кедергі жасаймыз. Тіпті жай шенеуніктің өзі сын айтсаң, ыстықтап, шыдай алмай, терісіне сыймай кетеді. Шығарма бар жерде сын, пікір алуандығы болуы керек, сонда ғана алға жылжимыз деп ойлаймын», - деді Д.Мыңбай.
Ілияс Омаровтың: «Халқымыз өнер адамдарын қашан да қадір тұтады. Егер ол сондай үлкен құрметке лайық биікте болмай шықса, қатты назырқайды. Атақ-абырой сый емес, ол шеберге берілген баға. Бағалы адамға қойылатын талап үлкен. Халқымыз одан жаңа еңбектерді асыға күтіп отырады. Оның өзі шеберге азаматтық жауапкершілік жұмсайды», - деген сөздері бар екен, деген министр: «Сіздер жауапкершілікті сезінетін адамсыздар деп ойлаймын. Әйтпесе осындай қиын жолды таңдамас едіңіздер», - деді.