"Мұндай әрекеттерді мен арандатушылық әрекетке балаймын және кез-келген саяси күштерге қатысты ондай оқиғаға жол беруге болмайтынын мәлімдеймін",- деді Ұлттық комиссия төрағасы. Ол аталмыш оқиғаларға қатысы бар адамдар жазаға тартылады дегенге сенім білдірді.
Ұлттық комиссияның бүгінгі бас қосуында Шымкент пен Өскеменде болған оқиғаларға қатысты мәлімдеменің жобасы ортаға салынды. Онда атап көрсетілгеніндей, "Ұлттық комиссияның мүшелері күш қолдану мен деструктивті әрекеттерге жол беруге болмайтынын үзілді-кесілді мәлімдей отырып, еліміздегі барлық саяси және қоғамдық күштерді саяси қарсыластарын құрметтеу принципіне бағынуға шақырады".
"Шымкент пен Өскеменде болған оқиғалар негізді алаңдаушылық тудырып отыр. Саяси процестерге қатысушыларға қарсы құқық аясынан тысқары әрекеттерді қолдану ағымының белең алып бара жатуы еліміздегі демократиялық жетістіктерге қауіп төндіріп қана қоймай, сонымен бірге ел ішіндегі саяси тұрақтылыққа айтарлықтай нұқсан келтіреді",- делінген мәлімдеменің жобасында.
Сонымен бірге Ұлттық комиссия мүшелерінің пікірінше, "мұндай оқиғалар әлеуметтік шиеленісті өршіту арқылы азаматтардың ел ішіндегі саяси реформалар мен саяси құбылыстарға қатысушыларға деген сенімін анағұрлым төмендетеді".
Азаматтық қоғам және демократияландыру мәселелері жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері еліміздегі барлық саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерді "өз іс-қызметін заңдылық принциптері мен конструктивті пікір алмасу" негізінде ғана жүзеге асыруға шақырады.