Орталық коммуникациялар қызметінің брифингі барысында Мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов осылай деді. Оның айтуынша, қоғамдық кеңестердің басты қызметі – қарапайым халықтың ой-пікірін билік өкілдеріне жеткізу. Еске сала кетейік, қоғамдық кеңестер туралы Заң 1 қаңтардан бастап өз күшіне енді. Олардың құрамын жасақтауда халықаралық тәжірибе қаперге алынды. Кеңес мүшелерінің үштен бірін мемлекеттік орган қызметкерлері, ал үштен екісін арнайы сынақтан өткен азаматтық қоғам өкілдері құрайды. Заң бойынша олар 3 жылға тағайындалады. Кеңесте ел өміріне өз үлесін қосуға ниетті жастар үшін де есік ашық. Жасы 18-ге келген азаматтар барлық мәселеде өз пікірін білдіруге құқылы.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы заңда көрсетілгендей, қоғамдық кеңестің қабылданған шешімін қарастыру биліктің міндеті деп жазылған. Ол қарастырған сұрақтың нәтижесін тиісті деңгейде жауап ретінде сұраныс жасап жатқан қоғамдық кеңестің атына жіберу – ол міндет. Қоғамдық кеңестер шығарған нәтиже көп жағдайда мәслихатқа да түртпе болуы мүмкін.