"Қойшының қызымын, жігітім жоқ": Әлем чемпионы жеке өміріне қатысты бар шындықты жайып салды

Боксшының айтуы бойынша, "қыздарға тән емес" бұл спорт түріне үлкен махаббатпен келген, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

"Жақсы өмір сүрген адам төбелеспейді деген сөз бекер айтылмаған шығар. Спортшылардың өмірбаянына қарасақ, көбісінің материалдық жағдайы мәз болмаған. Мен әке-шешемнің арқасында жақсы өмір сүрдім. Үйде алты баламыз. Ата-анам әкім болмаса да, қарапайым қойшының қызымын. Мен ауылдан шыққанымды ешқашан жасырмағанмын. Әкемнің өзінің жеке кәсібі, фазендасы бар. Осылай айтсам бәрі таң қалады. Ауылдан шықтым екен деп басымды төмен түсіріп жүруім керек пе? Құдайға шүкір, мал бар. Тамақ немесе киім керек болса, малды сатасың. Бізді жоқшылықта өсірмеген. Мүмкін, ата-анама қиын болған шығар, бірақ бізге білдірмеген. Мен боксқа ақша жетпегеннен емес, ұнағаннан келдім. Мен боксты өзім жақсы көрдім", - деді Балауса Мұздыман.

Спортшы болашақ жарына қатысты сұрақтарға да жауап берді.

"Ұлттық құрамадағы жігіттерге әріптес ретінде қараймын. Артық ештеңе жоқ. Болашақ жарым спорттан басқа саладан болса екен деймін. Қазір жігітім жоқ", - деді ол. 

Сондай-ақ, әлем чемпионы спортта жетістікке жеткен қыздарға қоғам тарапынан әділетсіздік көп болатынын да жасырмады.

"Қыз бала да жігітпен бірдей еңбек етеді. Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Жәмила Бақбергеноваға да көңіл бөлінбейді. Мысалы, жігіттер ондай нәтиже көрсетіп жатқан жоқ. Қыздар әлем чемпионатын, Азия чемпионатын ұтып келіп жатыр. Бірақ, қолдау жоқ. Ұлдар әлем чемпионатында төрт алтын алып келіп еді бәріне ат мінгізді, машина берді, квартира берді. Қыздарға да сондай қолдау болса екен деймін", - деді спортшы.