"Қолдарын сындырып, азаптап өлтірген": Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде көз жұмған археологтың інісі сұхбат берді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Нұрлан Жағыппаровтың айтуынша, ағасының үйі жаппай тәртіпсіздіктердің ошағына айналған Республика алаңының маңын екен. 6 қаңтарда үйіне келген ер азамат көлігін қойып, алаңда не шу болып жатқанын көруге кеткен. 

“Сол күні сағат 19:52-де досына қоңырау соғып, өзін әскерилердің тұтқындағанын айтқан. Соңғы рет дауысын осы кезде естідік. Бұдан 20 минут бұрын ол үйінен шығып кеткен. Оның үйі Республика алаңынан алыс емес, жаяу 10 минутта жетуге болады. Достарымызбен бірге оның шұғыл түрде полиция бөлімдерінен іздей бастадық. Ағамды тұтқындаған кезде өзімен бірге құжаттары болған. Сол себепті жеке тұлғасын анықтаған соң оны босатады деген оймен алғашқы күндері сары уайымға салынған жоқ едік. Дегенмен іздеуді тоқтатпадық. 3-4-күндері полицияда ол туралы ақпарат тіркелмеген соң, ауруханалардан, тіпті мәйітханалардан да іздей бастадық. Алайда таба алмадық. Ол күндері адам көп ұсталғандықтан әлі тіркеп үлгермеген шығар деген ойда болдық”, –дейді марқұмның інісі.

Ұзақ уақыт бойы Ерланнан бір хабар болмағандықтан оның жақындары өздерін қоярға жер таппай кеткен. 

“4-5-күндері уайымдай бастадық, өкінішке қарай, 12 қаңтарда оның денесін мәйітханадан таптық. Мәйітханаға оның денесін тануға досы мен жақын туысы барған. Ағамның денесін көріп, оны әлдебіреулер азаптағанын, ұрып-соққанын, қорлағанын байқаған. Екі қолын сындырған, білегі салбырап тұрды. Сүйектерін опырып сындырғанын аңғаруға болады. Қолы кісендеулі, кісенде нөмір жазылған. Бұған қоса оның денесінде оқ іздері болды. Біреуі жүрегіне, екіншісі ішіне тиген. Басқа да оқ жарақаттары болды, алайда денесін жуындырған кезде оларды анықтап көру мүмкін болмады. Себебі сот сараптамасының мамандары тігіп тастаған”, – дейді Нұрлан Жағыппаров. 

Ағасының өте ізденімпаз адам болғанын айтқан ол қарапайым тұрғынды неліктен осылайша азаптап өлтіргенін түсінбейді. 


“Оны ізденімпаз адам деп айтар едім. Бала кезінен сондай еді. Қандай да бір іс-шараларға белсенді түрде қатысып, волонтер болып жүретін. Үнемі белсенділік танытуға тырсатын. Қазақстан тарихын жанындай жақсы көріп, оны зерттеумен айналысып жүретін. Археолог ретінде де белсенділік танытып, ерікті ретінде Қазақстан бойынша көптеген экспедицияларға қатысқан. Еліміздің түкпір-түкпірінен табылған тарихи жәдігерлерді атап айтсақ, Балбал тастарды, тастағы ежелден сақталған суреттерді сақтап қалуға ат салысқан. Петроглифтерді зерттеушілер тобының белсенді мүшесі болған. Энтузиасттар, зерттеушілер арасында танымал еді. Оны діншіл адам деп айтпас едім. Оқыған, көзі ашық адам болатын. Ағама қарап, оның бүлікші емес екенін оңай түсінуге болар еді. Қарапайым, бейбіт қала тұрғынын осылай азаптап өлтірген”, – деп қосты ол. 

Қазіргі таңда марқұмның туыстары полицияға арыз түсірген.

“Менің ойымша, біздің көргендерімізден айғақтардың жеткілікті екенін байқауға болады. Міне, осыны ескере отырып, тергеу әділ, объективті түрде жүргізілсе екен дейміз. Оны осындай күйге жеткізіп, тұтқындап, қинап, қолын сындырып, атып өлтіргендердің барлығы тиісінші жазаға тартылса, әділдік орнаса деген үміттеміз.  Жерлеу рәсімі өткен соң, күні кеше қалалық полиция департаментіне барып, ағамның өлімі бойынша куәлік етіп, арыз өткіздік. Тергеу амалдары басталды”, – дейді Нұрлан Жағыппаров. 

Еске салсақ, бұған дейін 49 жастағы жоғалып кеткен алматылық азаматтың денесі табылғаны айтылған еді.