«Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша игерілмеген қаржы кері қайтарылмақ

Бұл туралы ведомство басшысы Болат Жәмішев хабарлады.

«Биыл біз әкімдерге қосымша келісімдерге қол қою туралы ұсыныс жасамақшымыз. Келісім бөлінген қаржы игерілмеген жағдайда министрліктің оны бір жақты шешім бойынша кері қайтарып алуына мүмкіндік береді. Қазір игерілмеген қаржыны қайтарып алу үшін өзара келісім қажет. Сонымен қатар, қаржыны мерзімінен бұрын игеріп жатқан аймақтар да бар. Біз игерілмеген қаражатты бір жақты негізде қайтарып алу құқығына ие болғымыз келеді», - деді Б.Жәмішев үкіметтің сейсенбідегі отырысында.

Өз кезегінде премьер-министр Серік Ахметов министрлікке «мұндай құқықтың алдын-ала берілетнін» атап өтті.

«Аймақтық даму министрлігі жалпы республика бойынша оператор болуы тиіс және сіздерге мұндай құқық берілуі тиіс. Біз мұны шешеміз», - деді С.Ахметов.

Б.Жәмішевтің айтуынша, 2013 жылы Қазақстанда жалға берілетін тұрғын үй салуға 27,5 млрд теңге бөлінген. Бастапқы мәліметтерге сүйенсек, оның 27,3 миллиарды немесе 99,4 пайызы игеріліпті.


«Жалға берілетін баспана салудың жылдық жоспары толыққанды орындалды деуге болады. Жалпы, осындай 402 мың 600 шаршы метр баспана тұрғызылды немесе өткен жылдың жоспары 140 пайыз орындалды. Бірақ, алдыңғы жылдарда орындалмаған жоспарды қоса есептегенде еліміз бойынша 100 пайызды құрап отыр. 8 аймақта бұл олқылықтарды түзету мүмкін болмады», - деді министр.

Оның айтуынша, былтыр республикалық бюджеттен жинақ жүйесі бойынша баспана салуға бөлінген 29,4 млрд теңгенің 27,9 миллиарды игерілген. Яғни, барлық әкімдіктер несиеге берілетін баспананың жылдық жоспарын 95 пайызға орындады.