«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлердің 30 пайызы кестеден кешігіп жатыр. Бұл туралы Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі басшысы Нұрбибі Наурызбаева мәлім етті.
«Бағдарламаны жүзеге асыруда проблемалар бар. Бірақ, құрылыс жергілікті атқару органдары жүргізіп жатыр, біз нысандарды салу туралы келісімшартты бекітеміз. Олардың міндеті – белгіленген мерзімде салып бітіру, біздікі – сол уақытқа дейін сатып алушылар пулын қалыптастыру», - деді ол бейсенбі күні Астанада Қазақстандағы құрылыс жинақ жүйесінің он жылдығына арналған конференциядан кейін.
Банк басшысының айтуынша, құрылыс әр аймақта әртүрлі себептер бойынша кешігіп жатыр.
«Менің ойымша, бағдарламаны жүзеге асыруға кіріскен кезде проблема көп болатын. Қазір жағдай түзеліп келеді деп ойлаймын және 3-4 жылдан кейін әкімдіктерде мұндай проблемалар болмайды деп үміттенемін», - деп қосты Н.Наурызбаева.
«1-қыркүйектегі деректерге қарағанда, құрылыс нысандарының 30 пайызы кестеден кешіккен. Бірақ, әкімдіктер жыл соңына дейін құрылысты аяқтаймыз деп отыр», - деді банк басшысы.
Дегенмен, Н.Наурызбаева бағдарлама тоқтап қалды деуге болмайтынын атап өтті. «Бағдарлама тоқтап қалған жоқ, жүзеге асырылып жатыр. Банк тарапында проблема жоқ, сұраныс 2 есе, Алматы мен Астанада 4-5 есе көп», - деді ол.