Ерекше кадрларды Ақтаулық әуесқой фотограф Азамат Сәрсенбаев жасаған. Ол Маңғыстауға келген мыңдаған қанаттылардың үйірін ұшатын құрылғымен түсірген. Инспекторлар тарапынан әкімшілік жауапқа тартылғанымен, видеосы шетелдік телеарналардың эфирінен үзбей көрсетіліп жатыр. Әп сәтте танымал болып шыға келген фотографтың табиғаттың сұлулығын таспаға түсіріп жүргеніне жарты жыл ғана болыпты. Азамат мұнымен тоқтап қалмай, жұмысын одан әрі жалғастырамын, - дейді.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бұл - әдеміліктің символы саналатын қоқиқаздардың Маңғыстаудағы Қаракөлге келіп қонған сәті. Жылы жаққа ұшып бара жатқан мыңдаған құс жылда осы уақытта Ақтау қаласының маңында аялдайды. Осы бір сәтті ұтымды пайдаланған фотограф Азамат Сәрсенбаев, қызыл кітапқа енген қанаттыларды видеоға түсіріп, көпшілікті керемет кадрларымен тәнті етті.
АЗАМАТ СӘРСЕНБАЕВ, ФОТОГРАФ:
"Қоқиқаздарды түсіру менде бір идея болған жоқ. Менің түсіретін заттарымның барлығы спонтанно да негізі. Алдын-ала ойластырып, сценарий құрып дегендей ондай ойларым болған жоқ. Қасымда дроным бар, камерам бар. Аламын да түсіремін тек. Өзім қалай көремін соны басқа адамдарға да жеткізгім келеді".
Ұшатын арнайы құрылғымен түсірілген видео әсерлі шыққаны соншалық, бұл кадрлар әлемнің танымал бірнеше ақпарат агенттігінің беттерінен бір-ақ шыққан. Отандасымыздың қолынан шыққан туынды әлеуметтік желілерде де қызу талқыға түсті. Аяқ астынан елге танымал болып шыға келген, әуесқой фотограф алдағы уақытта ерекше әдіспен фото-видеоға түсіруді жалғастыра беремін, - дейді.
АЗАМАТ СӘРСЕНБАЕВ, ФОТОГРАФ:
«Бұйырса енді, тырысамыз ғой осылай жасай беруге. Әдемі жерлерді көрсек, осы Маңғыстау өңірінде туризмді дамыту үшін осы бізге. Осы Қазақстан азаматтарына, басқа да мемлекеттің, басқа елдің азаматтарына Маңғыстауымның әдемі жерлері көрінсе, соған қуанамын ғой".
Алайда, ерекше видеоның авторына облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясындағы мамандар ескерту жасап, мемлекеттік қорық маңында түсірілім жасағаны үшін жауапқа тартпақ. Атап айтқанда, Азамат Сәрсенбаевқа әкімшілік кодекстің 378 бабын бұзған көрінеді. Дегенмен, әуесқой фотограф бұл жазамен келіспейді.
АЗАМАТ СӘРСЕНБАЕВ, ФОТОГРАФ:
"Жазаға тартыпты әкімшілік жазаға. Оған мен келісіп отырған жоқпын.Ұшатын аппараттар 1 км бойы жүруге болмайды дейді құстардың үстінен. Ол қандай аппарат, весы қандай болу керек, көлемі қандай болу керек? Құстарды қорқытқан шығармын, мен өзімді ақтап отырған жоқпын. Алайда, енді заң бойынша маған бір нақты қандай заңды, қандай тәртіпті бұзғанымды айта алмай отыр".
Орнитологтардың сөзінше, қызыл кітапқа енген құстарды жақын маңнан көру өте сирек кездесетін құбылыс. Қоқиқаздар адамдардан өзін алыс ұстайды. Ал, Ақтауда бір сәт аялдайтын құстар Қорғалжың қорығынан ұшып келген. Каспий жағасында күн суытқан уақытта Иранға қарай бағыт алады екен. Сол себепті, мамандар олардың мазасын алуға заңмен тыйым салыпты.
ЦИТАТА:
"Жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, сондай-ақ уәкілетті органның келісімінсіз шаруа қожалықтарына қатысы жоқ адамдардың қызметінен тыйым салынады. Құстардың тіршілік ету ортасына, өсу жағдайларына, жануарлар әлемі объектілерінің шоғырлану орындарына әсер етуі мүмкін әрекеттер заң бұзушылық болып табылады".
ТАЛҒАТ ӘЛЕНОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОРЫНЫҢ МӘЛІМДЕМЕСІНЕН ҮЗІНДІ.
Бұл да Азаматтың қолынан шыққан ерекше кадрлардың бірі. Каспий жағасына өткен аптада бір топ аққулар келіп қонған сәтті де видеоға түсіріп үлгерген. Әдемі құстардың бейнесі де жұртшылықтың зор ықыласына бөленді. Әуесқой фотограф өзі туып өскен өлкесін бүкіл әлемге паш етіп, туристерді тартуды көздеп жүргенде, енді біреулер қайықтарымен үйректердің үйірін қағып өтті. Қазір, бұзақылардың үстінен әкімшілік іс қозғалды. Оларға 500 АЕК айыппұл салынуы мүмкін.