ҚР ІІМ ТЖК Алматы маңындағы қоқыс полигоннындағы өртті сөндіру жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Күні кеше ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер қоқыс полигонындағы өртті сөндіруге авиатехниканың көмектесе алмайтынын айтқан еді. Алайда тілсіз жау туындатқан мәселені жүйелі шешу үшін бүгін көкке екі тікұшақтың көтерілгені белгілілі болды. «Алматы маңында қоқыс полигонындағы өртті сөндіру жұмыстарына қазіргі уқаытта автоцистерналар, су тасушы техникалар мен арнайы техникалар жұмылдырылуда. Сөндіру жұмыстары 17 мамыр күні сағат 03.00-ке дейін созылып, 3 сағаттан кейін қайтадан (сағат 06.00-да) жалғасты», - деп хабарлайды ТЖК баспасөз қызметінен. Қазіргі уақытта тұтанған аумақты периметрі бойынша сумен сөндіру және топырақпен жабу жұмыстары жүргізілуде. Сағат 07.00-ден бастап екі тікұшақ 30 рет көкке көтеріліп, 90 текше метр су шашқан. Сонымен бірге, жағдайды бақылауда ұстау үшін Матрица-600 квадрокоптері қолданылуда. Еске сала кетсек, Алматы тұрғындары таңнан бері қала аспанын ыс пен түтін торлағанын айтып, шағымданған еді. Әлеуметтік желі қолднаушыларының болжауынша, түтін Алматы облысындағы қоқыс полигонынан келген. Төтенше жағдайлар комитеті бұл ақпаратты растады. «16 мамыр күнгі түнгі сағат 2:30-да өртке қарсы қызметке Қарасай ауданына қарасты Әйтей ауылынан 7 шақырым жерде қоқыс полигоны жанып жатқаны туралы хабар түскен. Қатты тұрмыс қалдықтардан тұтанған өрттің аумағы бір гектарды қамтыды деген болжам бар. Құрбан болған немесе зардап шеккендер жоқ» - делінген Комитеттің мәліметінде. Десе де, Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті қоқыс полигонындағы өрт салдарынан шаһардың ауасы шектен тыс ластанғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын жеткізді.