Қор стипендиаты Арай Әбдінұрова: Жетістік – бұл 1% талант, 99% еңбек

Небәрі 19 жастағы бойжеткен V International Online Competition-Festival «VIVA-MUSIC», КСРО Халық әртісі З.Исмагилов атындағы Халықаралық композиторлар байқауы, Мұқаш Абдраевтың туғанына 100 жыл толуына арналған BISHKEK MUSIC GAMES халықаралық пианистер байқауы және т.б. талғар биіктерді бағындырып үлгерді, деп жазды fnn.kz

- Олжас Сүлейменовтің «Өнерге шекара жоқ. Кез-келген уақытта, кез-келген елде ол ізгілік, махаббат, әділдік үшін қызмет етті, жоғары адамгершілік құндылықтарды бекітті. Мәдени әртүрлілікті, ұлттық бірегейлікті, халықтық дәстүрлерді сақтаудағы, туған жерге және оның тарихына деген сүйіспеншілікті арттырудағы өнердің маңызы өлшеусіз» деген нақыл сөзі менің шығармашылық ұстанымымды тұжырымдауыма көмектесті, - дейді Арай Әбдінұрова.

Арай өзінің миссиясын ұлттық музыкалық мәдени құндылықтарды, яғни қазақ әндері мен күйлерін транскрипциялау және өңдеу, ауызша-жазбаша кәсіби қазақ әуендері мен фольклор саласындағы зерттеулерді дәріптеу мен насихаттау деп біледі. Тума талант иесі үшін Серікжан мен Әліби Әбдінұровтай отбасылық сазгерлер әулетін жалғастыру үлкен мәртебе.

Бірінші курстан бастап Арай Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты болуды армандаған әрі бұл жеңіске деген зор шабыт сыйлады. Арманына жету үшін ол өзін-өзі қайрап, мақсатына жетуге уәде берген.



- Үрейді жеңіп, бойымда көшбасшылық қасиеттерді дамыту үшін талмай еңбек етуді, көп тер төгу керектігін түйсіндім. Жетістікке жетудің құпиясы неде деп сұрасаңыз: «Жетістік - бұл 1% талант, 99% еңбек» деп жауап берер едім. Менің оқуыма, кәсіби өсуіме және белсенді өмірлік ұстанымымның дамуына шалқар шабыт сыйлаған, қаржылай қолдау көрсеткен Нұрсұлтан Назарбаев Қорына алғысым шексіз! – дейді қордың стипендиаты.