Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің төртінші курс студенті Әтіргүл Жақсыбаева «Спорт және өнер» факультетінде білімін ұштауда. Бірақ мамандығы шығармашылық болса, ғылымға қызығады.
«Қазақстандағы этновокалдық өнердің қалыптасуындағы әйгілі әнші Роза Бағланованың әншілік қызметінің рөлі» атты ғылыми еңбектің авторы. Бұл еңбек 2019 жылы Ресейдің Пенза қаласында өткен «Жыл студенті 2019» ІХ Халықаралық ғылыми–зерттеу байқауында II жүлделі орын алуға септігін тигізді.
Былтыр Алматыда өткен ҚР ЖОО студенттері арасындағы республикалық пәндік олимпиадада «Музыкалық білім» мамандығы бойынша «Музыкалық ағарту» номинациясының ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталды.
I дәрежелі диплом мен «Ғылым мен білімді дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін стипендиат Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының білім беру мекемелері арасында ІІІ халықаралық «Үздік жас ғалым 2021» кітап басылымы жобасының қорытындысы бойынша алды. Бойжеткен ол жерде «Қазақстандағы вокалдық өнердің даму тарихи ерекшеліктері» атты ғылыми еңбекті таныстырған.
— Армандаңыз, талпыныңыз, жетістікке жетіңіз! Мүмкін емес нәрсені армандаңыз. Бұл әлемге ерекше дүние жасау үшін келгеніңізді ұмытпаңыз, мүмкіндікті мүлт жібермеңіз. Асқақ арман мен тәтті қиялға ерік беріңі
з, - дейді Әтіргүл Жақсыбаева.
Дарынды студент Нұрсұлтан Назарбаев Қорының стипендиаты атанудың бақыт екенін айтады. Бұл үлкен құрмет әрі жауапкершілік деп біледі. Айтуынша, Қордың стипендиясы өзін одан әрі дамытуға қолдау мен шабыт береді.