Қордың стипендиаты Танзила Евлоева: Талант әркімде бар, оны дер кезінде аша білу керек

Танзила жоғары оқу орындары ішіндегі, республикалық және халықаралық байқаулар мен конференцияларға белсене қатысып, жүлделі орындар алып жүр. Атап айтсақ, «Бухгалтерлік ғылым: кеше, бүгін және ертең» атты студенттік ғылыми-зерттеу жұмыстарының халықаралық байқауында I орын, «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік аспектісі: цифрлық экономика жағдайындағы дамудың мәселелері мен тәсілдері» атты халықаралық студенттік ғылыми жұмыстар байқауында II орын, «Тәуелсіз Қазақстанның студенттік ғылымы: болмысы мен болашағы» ғылыми-тәжірибелік конференцияда II орын алған. 

Танзила республикалық және халықаралық конференциялардың жинақтарында жарияланған бухгалтерлік есеп және экономика бойынша түрлі тақырыптағы бірқатар ғылыми мақаланың авторы.

- Талант, бірдеңеге икемділік әркімде бар, тек оны дер кезінде аша білу маңызды. Сол себепті құрдастарыма жан-жақты дамуға, жаңа бір нәрсені байқап көруге, мақсатқа жетуде табандылық танытуға және ең бастысы, өзіне сенуге кеңес берер едім, - дейді
 Танзила Евлоева.

Оқудағы және ғылыми қызметтегі жетістіктері үшін ол «Шоқан Жұлдыздары» медалімен және дипломымен, сонымен бірге университеттің дамуына қосқан үлесі үшін үшінші дәрежелі медалмен марапатталды.

- Бұл жетістіктерім үшін ғылыми жетекшім бизнес және қызмет кафедрасының профессоры Белгібаева Анаргүл Сәрсенбайқызына қарыздармын, себебі ол кісі маған сеніп, байқауға  қатысуды ұсынды және екі жыл қатарынан бағыт берді, көмектесті, қолдады, - дейді Танзила.